Алматы облысында 2 млрд теңгеге салынған мектеп қирап қалды
Кінәлілер жауапкершілікке тартылып, құрылыс компаниясына қатысты сотта іс қозғалады
Алматы облысында 7 жыл бұрын пайдалануға берілген мектеп апаттық деп танылды. Бұл білім ордасының құрылысына бұрын 2 миллиард теңге жұмсалған, деп хабарлайды Halyq Uni Stan.kz-ке сілтеме жасап.
«Письма президенту» Telegram арнасына шыққан жазбада Алматы облысының Іле ауданындағы №40 мектептің апатты жағдайдағы суреті пайда болды.
Ғимараттың құрылысына халықтың 2 миллиард теңгесі жұмсалды. Қазір 3 мыңға жуық бала көрші ауылдардағы жақын маңдағы мектептерге баруға мәжбүр. Әкімдік ғимаратты күрделі жөндеуге қайта 800 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бірақ ата-аналар мұндай шешімге қарсы. Себебі ғимарат сапасыз салынған және балалардың өміріне қауіп төндіреді. Ең таңқаларлығы, ешкім лайықты жазаға тартылмаған, – делінген жазбада.
Осы жайтқа байланысты Stan.kz тілшісі Алматы облысының әкімдігінен пікір сұраған. Ал олар мектептің қазіргі сыртқы бейнесі түсірілген суретті жіберген. Сондай-ақ мектептің жер сілкінісінен кейін апатты жағдайда деп танылғанын жеткізді.
Құрылыстың сапасын тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Кінәлілер жауапкершілікке тартылып, құрылыс компаниясына қатысты сотта іс қозғалады.
Іле ауданындағы №40 орта мектеп оқушылары Боралдай кентіндегі №17 және №54 орта мектептерде білім алатын болды. Оқу процесін тиімді ұйымдастыру мақсатында оқушыларды үш ауысымда 8 автобуспен тасымалдау жұмыстары жолға қойылды. Оқушылардың сабаққа уақтылы келуін қамтамасыз ету үшін арнайы тасымалдау кестесі жасалды. Сынып жетекшілері мен кезекші мұғалімдер күн сайын оқушыларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік шараларының сақталуын қатаң қадағалайды. Сонымен қатар, оқушылардың уақтылы және сапалы ыстық тамақпен қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлінді. Мектеп медбикесі оқушылардың денсаулық жағдайын тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Оқу жылының алғашқы аптасында олар жаңа оқу үрдісіне толығымен бейімделді, – деді әкімдік өкілдері.