Halyq Uni логотип
×

Биыл 500-ден астам заңсыз такси жүргізушісі жауапқа тартылды

Олар қоғамдық орында жұрттың мазасын алған

 Динара Амантай 12.09.2024 | 17:15
Биыл 500-ден астам заңсыз такси жүргізушісі жауапқа тартылды
Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері көлік полицейлері 500-ден астам заңсыз такси жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, жыл басынан бері еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде қоғамдық орындарда адамдардың мазасын алып тиіскені үшін 2841 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 529-ы –заңсыз такси жүргізушісі.

Мәселен, осы жылдың 11 қыркүйегінде Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері турист жолаушылардың мазасын алып, жеке тасымалдау қызметін ұсынған 40 және 57 жастағы қала тұрғындарын анықтап, ұстады. Құқықбұзушылар қоғамдық орындарда адамға тиіскені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жұртшылық пен туристер жүргізушілердің дөрекі әрі адамның мазасын алып тиісетін мінез-құлықтарына наразы. Осыған дейін заңсыз тасымалдаушылардың шетелдік азаматтарды әуежайдан межелі баратын жеріне дейін әдейі көтерілген жоғары бағамен тасымалдаған жағдайлары болған. Әрине, мұндай оқиғалардан кейін елімізге келген шетелдік қонақтарда жағымсыз пікір қалыптасады. Мұндай фактілер ешқашан назарымыздан тыс қалған емес, құқықбұзушылар міндетті түрде тиісті жауапқа тартылады, – деді ПД бастығы.

Полиция қоғамдық орындарда адамдардың мазасын алып тиіскені үшін ескерту немесе 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылғанын ескертті. Осы құқықбұзушылықты қайталап жасаған жағдайда 10 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу көзделген. Шетелдіктер үшін мұндай құқықбұзушылық үшін 5 АЕК айыппұл, қамауға алу немесе ҚР шегінен тысқары шығару көзделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама