Halyq Uni логотип
×

Қазақстан мен АҚШ ғалымдары аграрлық сала мәселелерін бірлесіп шешеді

Бірқатар маңызды жоба қолға алынды

 Қымбат Елтайқызы 12.09.2024 | 11:28
Қазақстан мен АҚШ ғалымдары аграрлық сала мәселелерін бірлесіп шешеді
фото: Halyq Uni

Қазақстан мен АҚШ ғалымдары аграрлық сектор мен су ресурстарындағы мәселелерді шешеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің ғалымдары ирригация технологиясы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізеді. «Қазақстанда азық-түлік дақылдарын өсіру үшін пайдаланылатын суармалы судың микробиологиялық сапасын анықтауға арналған техникалық құралдар» жобасы бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер АҚШ-тың гранттық жобасы аясында жүргізіліп жатыр.

Аризона университетінің вице-президенті Шейн Берджесс Қозыбаев университетіне сапары барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесіп, жоғары білім беру және аграрлық ғылымды дамыту саласындағы серіктестіктің негізгі мәселелерін талқылады. Аризона университетінің ауыл шаруашылығы, биология ғылымдары және қоршаған орта колледжі тағамдық аурулардың таралу қаупін азайту мақсатында суармалы суының микробиологиялық сапасын басқару шешімдерін әзірлеу бойынша 30 жылдық зерттеу тәжірибесіне ие, – деп қосты ведомство.

Климаттың өзгеруіне байланысты аймақтың гидрологиялық режимдеріндегі өзгерістердің күшеюі азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық туғызады. Қазақстан – ауылшаруашылық өнімдерін негізгі өндіруші және экспорттаушы. Жақында еліміздің солтүстік бөлігіндегі орманды дала биомында егінді суару басталды.

Жобаның зерттеу тобы СҚО фермерлері пайдаланатын суармалы судың сапасын бағалайды, әрі қарай суармалы сулардағы тағамдық патогендік микроорганизмдермен байланысты тәуекелдерді бақылау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған нұсқаулық құжаттар мен цифрлық құрал әзірлейді. Бұл суару суының микробиологиялық сапасын «басқаруға» мүмкіндік береді, яғни аймақ үшін және экспортқа қауіпсіз көкөністер мен жемшөп алынады.

Аризона университеті делегациясының сапары барысында үш облыстың үш ЖОО ғалымдарының консорциумын ашу туралы алдын ала келісімге қол жеткізілді. Бірлескен ғылыми зерттеулер солтүстік аймақтардың су ресурстары, ирригация, азық-түлік қауіпсіздігі, жердің тозуы, ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал шаруашылығының сапасын арттыру мәселелерін шешуге бағытталады. Делегация өкілдерінің айтуынша, мұның барлығы аймақтардың агроөнеркәсіп кешендерінің дамуына тың серпін береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама