Қандай қауіпсіздік шаралары қабылданғаны да айтылды
Астанада құтқарушылар шомылу маусымының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қалалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Азамат Құсайынов ОКҚ-де өткен брифингте судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтты, деп мәлімдеді жергілікті әкімдік.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері полиция, Ұлттық ұлан қызметкерлері, қоғам қайраткерлері және еріктілермен бірлесіп, күн сайын қаланың су айдындары бойында рейдтер мен патрульдеу жүргізді. Онда азаматтарға жадынамалар мен буклеттер таратылып, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
«ОСО» РММ құтқарушылары Есіл өзені арнасының халықтың шомылу орындарында қайықтармен тұрақты негізде патрульдеу жүргізді. Су айдындарының қауіпті және жабдықталмаған учаскелерінде қайығы бар қосымша 2 жылжымалы бекет қойды. Шомылу маусымының басынан бастап рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде полиция қызметкерлерімен бірлесіп, тәртіп бұзғандарға 7 млн 435 мың 688 теңге сомасында 588 әкімшілік хаттама жасады, – деді ТЖД өкілі.
Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасымен бірлесіп, пилоттық жобада орталық жағажайдың жағалау аймағында жүзу шекараларын анықтау және батып бара жатқан адамдарды ерте анықтау жүйесі (2 бейнекамера мен дауыс зорайтқыш) орнатылды. Сондай-ақ жедел басқару орталығына шығара отырып, «Сергек» бейнебақылау камераларын орнату бойынша жұмыс жүргізілді.
«Өткізілген ұйымдастырушылық іс-шаралардың арқасында су айдындарының жабдықталмаған учаскелерінде адам өлімі фактілерін 2 есе азайтуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар, жазғы кезеңде су айдындарында 3 адам құтқарылды», – деп толықтырды спикер.