Ол бортсеріктерді балағаттаған
Ұшақ экипажының талаптарына бағынбаған мас жолаушы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, Ақтөбе қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері әуе кемесі ұшып келгеннен кейін Ақтөбе облысының 38 жастағы тұрғынын ұстады.
Тексеру барысында ер адамның ұшу кезінде мас болып, экипаж талаптарын орындамай, бортсеріктерге балағат сөздер айтқаны анықталды, – делінген ақпаратта.
Көлік полицейлері құқық бұзушыға қатысты алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарға мас күйде келгені, әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 8 АЕК (29 536 теңге) мөлшерінде айыппұл сала отырып, әкімшілік материал толтырды. Ұсақ бұзақылық бойынша материал шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Аталған бап бойынша құқық бұзушы 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түрінде жазалануы мүмкін.
Осы жылдың басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 64 727 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктер ішкені және қоғамдық орындарға мас күйде келгені үшін – 4995, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 527, әуе кемесіндегі тәртіп ережелерін бұзғаны үшін – 62 адам.