Қалаға Сәтпаев каналынан су тартылады
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев елорда су тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің экономикалық реформалар, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі комитетінде депутат Ұлықбек Тумашинов қалада су мәселесін шешу үшін қандай жұмыс істеліп жатқанын сұрады.
Астана қаласы дамып жатыр. Қазір мұндағы халықтың саны 1 млн 400 мың жуықтады. Көрсеткіштің 2-3 млн адамға жетері анық. Сондықтан қаланы сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Оны шешу жағы қалай болады? Болашақта халыққа су жетпей қалмай ма? Қаныш Сәтпаев атындағы канал мен Ертіс өзінен су алу мәселесі ойластырылған ба?, - деді ол.
Ерсін Өтебаев бүгінде Астанада су тапшылығы жоқ екенін атап өтті.
«Қалаға сағатына 80 мың м3 су келіп жатыр. Бұдан басқа, жобалау жұмыстары техникалық-экономикалық негіздемеден өтті. Тағы 210 мың м3 көлемінде Қаныш Сәтпаев атындағы каналдан су тартылады. Осылайша, №4 сорғы станциясы салынады. Сондай-ақ Нұра жер асты суы кен орнынан 40 мың м3 су тарту жоспарымыз бар. Жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2028 жылға дейін су мәселесіне уайымдауға негіз жоқ. Аталған 3 жоба іске асырылса, 2038 жылға дейін су мәселесі толық шешіледі», - деді елорда әкімінің орынбасары.