Мектепке «Томирис» бақсыны шақырған бірнеше адам қызметтен босатылды
Оның 4 метрлік шлейфі бар көйлегін оқушылар көтеріп жүрген
Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы Тереңөзек ауылында өзін «Томирис патшайым» деп атайтын емші Гүлсара Көпбаеваны мектепке шақырып, іс-шара өткізген директор мен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары жұмыстан қуылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепте өтетін іс-шаралардың бәріне бірінші кезекте директор жауапты екенін айта келе, оның тәрбие жөніндегі орынбасарына қатысты қабылданған шараның қайта зерделенетінін айтты.
Бүгінде мектеп басшысы жазаланып отыр. Ал енді өткен шаралардың тәрбие жұмыстарына байланысты болғанына орай тәрбие жөніндегі орынбасарына қабылданған шешімнің дұрыстығын анықтау үшін тапсырма бердім. Біз кез келген мықты, тәжірибелі мамандарды бағалауымыз керек. Егер расында бұл жағдайға тікелей қатысы бар болса, заң алдында жауапкершілікті мойнына алуы керек. Бірақ біз мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасарына қатысты мәселені зерделеп көреміз, – деді министр.
Мәселе министрлікке дейін жеткен соң, тексерісті Жамбыл облысының бала құқығын қорғау жөніндегі уәкілі, облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері жүргізген болатын. Соның нәтижесінде Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары А. Терлікбаев, Жамбыл атындағы мектеп директора Э. Закимбаева өз еркімен қызметінен кетті. Сондай-ақ Тұрар Рысұлов ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысына және Тереңөзек ауылының әкіміне қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды.
Себебі мектепке бақсыны шақыруға мұғалімдерден ақша жиналған болатын. Әлеуметтік желіге кең тараған ақпарат бойынша, оның 4 метрлік шлейфі бар көйлегін оқушылар көтеріп жүрген. Ең қызығы, ол мектепке «көмек» ретінде жыртық киім, сынған ойыншықтар мен іске жарамайтын компьютер берген көрінеді.
Бақсы ішімдік пен есірткіге тәуелділіктен емдейді-міс. Ол мектепке әлгі «материалдық көмектен» бөлек, 500 мың теңге аударуды уәде еткен. Алайда ол ақша әлі аударылмаған. Ал мектеп мұғалімдерінен «Томирис ханшайымды» қарсы алуға 4 мың теңгеден жиналған.