Тұрғын үй дауларына қатысты істердің жартысынан көбі азаматтардың пайдасына шешілген

Динара Амантай

Қазақстандық соттарға 4,7 мыңнан аса іс түскен

Фото: Halyq Uni

Тұрғын үй дауларына қатысты істердің жартысынан көбі азаматтардың пайдасына шешілген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажеттігіне назар аударған болатын. Осыған байланысты құзырлы органдар тарапынан әділ және қауіпсіз қоғам құру мақсатында азаматтардың құқығын қорғау саласында бірқатар шара қолға алынып жатыр. Осы орайда Жоғарғы сот қазақстандықтардың сот әділдігіне жүгініп, даулы мәселелерді, оның ішінде тұрғын үй дауларына қатысты талап-арыздары бойынша сот тәжірибесіне талдау жасады.

Талдау аталмыш санаттағы істер бойынша «Төрелік» ақпарттық жүйесінен алынған сот актілерін, облыстық және оларға теңестірілген соттардың талдауларын, кассациялық сатыдағы сот тәжірибесін, жоғарыда аталған ақпараттық жүйеден алынған мәліметтер базасында қалыптастырылған статистикалық деректерді зерделеуге негізделген.

Талдау бойынша ұсынылған ақпаратқа сәйкес, 2022-2023 жылдар аралығында қазақстандық соттарға 4,7 мыңнан аса іс түскен. Бұл ретте 2023 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 337 іске көп болған.

Тұрғын үй дауына қатысты істердің 63 пайызы азаматтардың пайдасына шешілгенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, бұл істерде соттар 700-ден аса медиациялық келісім бекітуге бастама жасады, – делінген Жоғарғы сот материалында.

Ведомство өкілдерінің ақпараты бойынша, соңғы уақытта сотқа шағымдар көбіне халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын адамдардан, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйым қызметкерлерінен келіп түскен. Олар баспана кезегін қалпына келтіруге қатысты, тұрғын үйді жалдау шартын заңдастырудан бас тартуға қатысты шешімдердің күшін жоюды талап етіп сотқа жүгінген.

Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың және құқық қорғау органдары қызметкерлері, ипотекалық несиелері бар әскери қызметкерлер де сотқа тұрғын үй комиссияларының баспана төлемдерін тағайындаудан бас тартуына қатысты шағым айтып сотқа жүгінуі артқан. Аталмыш санаттағы істердің ең көп саны Жетісу облысында – 1 мың 86 іс, Астанада – 548 іс және Алматы облысында – 452 іс тіркелген.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс аясында аталмыш бағыттағы істерде соттың белсенді рөлін, пропорционалдылық пен әділеттілікті, мәжбүрлеу шараларын, оның ішінде ақшалай айыппұлды және татуластыру рәсімдерін пайдалану арқылы істі қарау сапасы жақсартылды, – делінген Жоғарғы сот ұсынған қорытындысында.

Бұл ретте, соттың белсенділік танытуы дауласушы тараптардың өзара татуласуына, кей жағдайларда істі қарау бойынша мүмкіндіктердін түсіндіру арқылы істі шешуге, тіпті талап-арыз беруден бас тартуға да мұрындық болады.

СОТ ТӘЖІРИБЕСІНЕ ЖҮРГІЗІЛГЕН ТАЛДАУ НЕГІЗІНДЕ ЖАСАЛҒАН ҚОРЫТЫНДЫ

Қазақстандық соттар тұрғын үй дауларын шешу барысында материалдық және процестік құқық нормалары талаптарын сақтауға тырысады. Дегенмен, ӘРПК аясында аталған санаттағы істер бойынша сот тәжірибесін қалыптастыруда азды-көпті кемшіліктер кездескен. Бұл ретте осы бағыттағы істерді қарауда біркелкілікті ұстану мақсатында соттар әкімшілік істерді қарауға қажетті дайындықты іске асырып, соттың белсенді рөлі қағидатын, атап айтқанда дауласушы тараптарға алдын ала құқықтық пікір білдіріп, дауларды қараудың құқықтық салдарлары мен ықтимал мүмкін жағдайларын түсіндіре отырып, жауапкердің қалауы бойынша істі татуласу арқылы аяқтап, мәселенің оңтайлы шешім табуына көмектесуі қажет. Осы орайда әкімшілік органдар заң нормаларын дұрыс түсіндірмеуі әрі қолданбауы салдарынан тұрғын үй комиссиялары жүйелі бұзушылықтарға жол беретіні атап өтілді.

49 жергілікті атқарушы орган мен тұрғын үй комиссиялары тұрғын үйді есепке қою туралы өтініштерді және басқа да мәселелерді қарау кезінде барлық қажетті құжаттарды тиісінше зерделемей, үстірт қарайды және талап етпейді, – делінген құжатта.

Сондай-ақ, аталмыш саладағы даулардың туындауында келесі себептер көрсетіледі:

  • лауазымды қызметкерлердің өз міндеттерін тиісінше орындамауы;
  • әкімшілік рәсімге қатысатын адамды тыңдау кезінде әкімшілік рәсімді жүргізу тәртібін бұзу.

Сонымен бірге әкімшілік органдар даулы мәселе бойынша сот шешімдеріне қатысты барлық инстанцияларға шағымданады. Осылайша, соның салдарынан шешімдердің заңды күшіне ену мерзімі созылып кетеді. Бұған қоса әкімшілік органдар азаматтардың өтініштерін қарауда және олар бойынша шешімдер қабылдауда формалды көзқараста болатыны атап өтілді.

Талдау барысында мемлекеттік органдар тарапынан заңбұзушылықтарды жою бойынша, сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында мемлекеттік органдардың қызметіне бағалау жүргізіліп, халық пен мемлекет арасында жаңа үлгідегі қарым-қатынас құру үшін ӘРПК шеңберінде қызметтерді қайта бағдарлау керектігіне назар аударылды.