×

Кінәлі адамдарды жазалау мүмкін болмай отыр – Ералы Тоғжанов

«Көне Тараз» музейінің құрылысына бөлінген 950 млн теңге игерілмеген

 Дастан Жұмабекұлы 10.06.2022 | 17:07
коллаж: Halyq Uni

Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалық етуімен Жамбыл облысындағы «Көне Тараз» музейінің болашағына қатысты жиын өтті.

Онда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет хабарлама жасап, музей ғимаратының жағдайын айтты. Сапасыз салынған құрылыстың төңірегінде мердігермен болған түрлі тартыс, сотқа жүгіну, жөндеу және бүгінгі зерделеу жұмыстарын да баяндады.

Ол музейді қайта жөндеп, іске қосу үшін шамамен 240-250 млн теңге қаржының қажеттігін атап өтті.

Осы жиналыста Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген «Көне Тараз» музейінің болашағына алаңдап, Премьер-министрдің атына сауал жолдағанын, осы мәселенің Үкімет тарапынан тиісті деңгейде шешілетіне үміттенетінін жеткізді.

Оның айтуынша, Премьер-министрдің орынбасары Е.Тоғжановтың депутаттық сауалға жауабы да көп кешіктірмей келді. Онда былай делінген:

«Музей Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтой аясында 2015 жылғы қазанда ашылған, алайда құрылыс кезінде жіберілген кемшіліктердің салдарынан жұмысын жалғастырмады.

Жамбыл облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, музейдің құрылысына жергілікті бюджеттен 950 млн теңге қаржы жұмсалған. Жобаның мердігері болып 2015 жылғы сәуірде алдымен «UDC Corporation» ЖШС-і анықталады, кейін құрылысты «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС -і жалғастырады.

Әкімдіктің мәліметінше, 2010-2018 жылдары жұмыс жасаған жергілікті құрылыс басқармасының бамшылары лауазымдарынан босатылғандықтан, құрылыстың сапасыздығына кінәлі лауазымды адамдарды жазалау мүмкін болмай отыр.

Сауалда көтерілген мәселелерді шешу жолдарын пысықтау мақсатында алдағы уақытта Үкімет деңгейінде Жамбыл облысының әкімдігі мен Мәдениет дәне спорт министрлігінің қатысуымен жиналыс өткізу жоспарланып отыр. Сіздерді осы жиналысқа қатысуға шақырамыз», - делінген жауапта.

«Міне, осы жиналыс бүгін өтіп отыр. Кезінде  музейдің құрылысына 950 млн теңге жұмсалып, алайда ол ашыла салып, жабылып қалған десек те болады. 2015 жылдан бері жұмыс істемей тұрған ғимарат тағдыры осындай болып тұр. Сонда ненің есебінен жөнделеді? деген сауал да туындайды. Біз Тараз жұртшылығының жиі қозғайтын көкейкесті мәселесін көтерген мақсатымыз - қоғам игілігінің жүзеге асып, мәдени-рухани құндылықтарды сақтауға атсалысу болатын. Көпшілік жауапкершілік мәдениетіне сай мәселенің тиімді және нақты шешімін табуды қалайды. Бұл бүгінгі күннің талабы», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама