Тоқаев балаларға арналған IQostanay smart орталығын аралады

Қымбат Елтайқызы

Мемлекет басшысы Қостанайда сапармен жүр

фото: akorda.kz

Президент балаларға арналған IQostanay smart орталығын аралап көрді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ақорда мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай қаласындағы балаларға арналған IQostanay smart орталығының қызметімен танысты. Қазіргі уақытта мұнда екі мыңға жуық оқушы қосымша білім алады. Өскелең ұрпақтың игілігі үшін 24 үйірме жұмыс істейді.

Оқушылар сарайында жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған киберспорт, инженерия, авиамодельдеу кабинеттері, жаңартылатын энергия көздері, химия және физика-техникалық зертханалары, сондай-ақ мәжіліс, оқу және хореография залдары бар. Орталықтағы робот техникасы, инженерия және авиамодельдеу үйірмелеріне қатысатын балалар Мемлекет басшысына өз жобаларын таныстырып, виртуалды зертханада тәжірибе жасап көрсетті.

Болашақта өз білім-біліктеріңізді іске асыруға мол мүмкіндік бар деп ойлаймын. Өйткені мұның бәрі қазіргі заманда, экономикада және басқа да салаларда сұранысқа ие. Біз уақыт талабына сай технологияны меңгерген ұлтқа айналуымыз қажет. Елімізге отандық технологияны дамытатын сіздер секілді азаматтар керек, – деді Тоқаев.

Оқушылар президентке техникалық мамандықтарға арналған білім гранттарын көбейткені үшін алғыс айтты.