Үкіметтің баспасөз қызметі журналиске салынған шектеуді түсіндірді

Дәурен Ерболат

Журналистің нақты қай ережені бұзғаны нақтыланбады

Фото: Halyq Uni

Премьер-министрдің баспасөз қызметінің жетекшісі Мақсат Төлегенов Press.kz тілшісі Жания Ұранқаеваға Үкімет үйіне кіруге неге тыйым салынғанын түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Алдымен бұл мәселеге Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова пікір білдірді.

Журналист Жания Ұранқаеваны жақсы білемін. Ол – азаматтық пікірі бар, белсенді адам. Мен бұл ақпаратты алдым. Үкімет үйі маңызды нысан саналады. Әр объектінің өз регламенті бар. Тіпті, бізге осында кіру үшін арнайы талаптар қойылады. Сондықтан осы нысанға келіп-кетушілер регламентті сақтауы керек. Мендегі ақпаратқа сәйкес Жания Ұранқаева осы ғимаратта болудың ішкі регламентін бұзған. Үкіметтің бөлімшесі (баспасөз қызметі) Жания Ұранқаева осы талапты бұзғанын айтып отыр, - деді вице-премьер.

Премьер-министрдің баспасөз қызметінің жетекшісі Мақсат Төлегеновтің айтуынша, Жания Ұранқаева аккредитациясынан айырылмаған, тек Үкіметке кіруге шектеу қойылған.

Жания Ұранқаеваға бірнеше рет ескерту жасалды. Tik-Tok-тағы оның жеке парақшасында видео бар. Ол мені (видеоға) жазған. Мен онда нысанның ішкі ережесі барын айтқанмын. Оған сәйкес 2-қабаттағы баспасөз орталығында, баннерде спикерді жазып алуға болады деп түсіндірдім. Енді 3-қабатта (Үкімет отырысы өтетін орын) спикерлерді түсіруге болмайды деп Жанияға бірнеше рет айтқанмын. Ол ережені бұзды. Осының негізінде тиісті шешім қабылданды, - деді Мақсат Төлегенов.

Алайда баспасөз қызметінің жетекшісі журналистің нақты қандай ереже бұзғанын нақтыламады.

Бұған дейін қазақстандық журналист Үкіметке кіру құқығынан айырылғаны хабарланған еді.