Уланып қалған балалар саны 500-ге жеткен еді
Маңғыстаудағы инфекциялық жағдай тұрақталып келеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 17 бала ауруханадан шығарылды.
Бүгінгі таңда көпфункционалды облыстық балалар ауруханасында инфекциядан зардап шеккен 17 бала ем алуын аяқтап, ауруханадан шығарылды. Олардың бәрі де үйде болса да дәрігерлер бақылауында және барлығының жағдайы жақсы. Стационарда 75 бала емін жалғастыруда, олардың да жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Жансақтау бөлімінде науқастар жоқ, – деп қосты ведомство.
Ауру шыққан кезден бастап (2024 жылғы 6 қыркүйек) облыстың медициналық мекемелерінде осыған балама белгілермен, яғни қызуы көтерілуі, ішінің өтуі, лоқсу, әлсіздік бойынша 460 бала дәрігерлерге қаралған. Соның ішінде 92 бала ауруханаға жатқызылған.
Барлық науқас антибактериялық және дезинтоксикациялық, сонымен қатар симптоматикалық ем алып жатыр. Дәрігерлер ішек микрофлорасын қалпына келтіру және регидратациялау бойынша заманауи әдістерді қолдануда, бұл науқастардың бойында аурудың белгілерін едәуір төмендетуге септік етті.
8 қыркүйекте денсаулық сақтау министрлігі шұғыл медициналық ұлттық үйлестіру орталығы мамандарының қатысуымен телемедициналық консультация өткізілді. Сондай-ақ осы өңірге Астана медициналық университетінің инфекционист және гастроэнтеролог мамандарының бір тобы жөнелтіліп, олар қазір емді үйлестіру ісін жалғастырып жатыр, – деп толықтырды министрлік.
10 қыркүйекте министрдің тапсырмасымен өңірге денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев барды. Ол науқастар жатқан ауруханаға барып, медициналық персоналмен жолықты. Вице-министр дәрігерлер және жергілікті билік тарапынан дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында жағдай біртіндеп тұрақталып келе жатқанын және емделіп шығатын балалар саны арта беретінін жеткізді.
Бұған дейін бұл жағдай денсаулық сақтау министрінің жеке қадағалауына алынғаны жайлы жазған едік.