Мамандар әйелдің бүкіл денесінің пышақ жарақатын, жақ сүйегінің сынықтарын санады
Жантүршігерлік қылмыс биыл 21 маусымда Ақтөбе облысының Мәртөк ауылында болған. Іс материалдарынан белгілі болғандай, сотталушы сағат 22:00 шамасында балаларды жатқызып, әйеліне телефон соғып, оның қайда екенін және үйге қашан келетінін сұрай бастаған. Әйел әріптестерімен бірге жүргенін, кейінірек келетінін айтқан, деп хабарлайды Halyq Uni «Мой город» порталына сілтеме жасап.
Біраз уақыттан кейін ер адам терезеден көлікті көреді. Әйелі көліктен түсіп, одан кейін аулаға кірген. Бұл кезде күйеуі мас болып алған. Ол асхана пышағын алып, аулаға шығады. Сол жерде ашуланып, балағат сөздер айтқан. «Неге қаңғырып жүрсің? Балаларыңның бары енді есіңе түсті ме?» деп әйеліне айғайлай бастаған. Әйелі де қарап тұрмай, қарсы сөз қайтарады. Сол кезде күйеуі қызғаныштан оның шашынан ұстап, мойнына бір рет пышақ сұғып, жерге құлатқан. Ашуға булыққан ол сонымен тоқтамай, әйелді пышақпен бірнеше рет ұрған. Кейін мамандар әйелдің бүкіл денесінің пышақ жарақатын, жақ сүйегінің сынықтарын санады.
Әйел алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмған. Айғайлаған дауысты естіп, үйден жүгіріп шыққан көршісі мен анасы жанжалға араласқаннан кейін ғана сотталушы әйелді ұруды тоқтатқан.
Кейін сотта белгілі болғандай, әйел көршісіне бірнеше рет хабарласып, балалардың жағдайын тексеруді өтінген, қаладан ауылға келуге такси таппай жүргенін айтқан.
Сотталушының өзі кінәсін мойындап, қызғаныштан шарасыз қадамға барғанын айтты. Жәбірленуші – өлтірілген әйелдің анасы соттан бұрынғы күйеубаласын заң шеңберінде жазалауды сұрады. Сонымен қатар моральдық өтемақы ретінде жауапкерден 100 миллион теңге талап етті. Өйткені ол балаларды қамқорлыққа алған еді.
Сот айыпталушыны кісі өлтірді деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтейді. Оған қоса, ол моральдық өтемақы ретінде бұрынғы енесіне 10 миллион теңге төлеуге тиіс. Айта кетсек, ер адам бұрын тонау қылмысымен істі болған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.