Жетісу облысында «Жерұйық» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды
Несие сомасы 15 млн теңгеден аспайды
«Отбасы банк» ауылдық жерлерге арналған «Жерұйық» бағдарламасын іске қосты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бағдарлама Жетісу облысында іске қосылды. Өтініш 10 қыркүйек - 10 қазан аралығында қабылданады.
Бағдарламаға Жетісу облысының аудандары мен ауыл округтерінің тұрғындары қатыса алады. Оның ішінде аудан (қала) әкімдіктеріне қарасты мемлекеттік органдарда және мемлекеттік кәсіпорындарда еңбек ететін педагогтер, денсаулық сақтау ұйымындағы медицина қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, халықтың әлеуметтік осал топтары және ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері бар.
Азаматтардың соңғы жұмыс орнында кемінде 6 ай жұмыс істеп жатқанын растайтын міндетті зейнетақы жарнасы болуға тиіс.
Жетісу өңірінде тіркеуде тұруы да міндетті.
Бағдарлама шарттары:
- Несие сомасы – 15 млн теңгеден аспайды;
- Бастапқы жарна – 10%;
- Пайыздық мөлшерлемесі 5% (ЖТСМ 5,2% дан 5,7% ге дейін)
- Алдын ала тұрғын үй несиесінің максималды мерзімі – 8 жыл, тұрғын үй замемы – 11 жыл, жалпы мерзімі – 19 жыл.
Айта кетейік, бағдарламаға ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алады. Өтініш берушінің ел аумағында тұрғын үйі болмауы қажет.