Halyq Uni логотип
×

ШҚО-да полицейлер ер адамды ажалдан арашалап қалды

Жедел арнаға отбасылық жанжал туралы қоңырау түскен

 Динара Амантай 09.09.2024 | 15:27
ШҚО-да полицейлер ер адамды ажалдан арашалап қалды
Фото: Halyq Uni

Шығыс Қазақстан облысында полицейлер ер адамды ажалдан аман алып қалды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, түнде Алтай қаласы полиция бөлімінің «102» жедел арнасына отбасылық жанжал туралы қоңырау түскен.

Мекенжайға барған полицейлер Ержан Құсайынов пен Рүстем Рыспеков үйге кіре берісте арқанға асылып тұрған ер адамды байқаған. Рүстем Рыспеков арқанды ілмектен шығарған кезде ол тыныс алуын жалғастырған. Полицей жедел жәрдем келгенге дейін шұғыл реанимациялық әрекеттерді өз бетінше жүргізіп, жүрек тұсына қажетті массаж жасау арқылы ер адамның өмірін сақтап қалуға тырысқан.

Серіктесімнің жедел жәрдемге қоңырау шалуын өтіндім, осы кезде өзім ер адамды жастыққа жатқызып, кеудесін уқалай бастадым. Одан әрі тұншығудың алдын алып, тілі артқа кетпеу үшін тілін саусақпен жібермей ұстап тұрдым. Алты минут өткеннен кейін ғана азаматтың пульсі пайда болды. Ол есін жиғаннан кейін, құрысулар мен құсудың алдын алу үшін ер адамды оң жақ бүйіріне жатқызып, дәрігерлердің келуін күттік, – деді Рүстем Рыспеков.

Полицей дағдысының арқасында ер адам аман қалып, жедел жәрдем қызметкерлері оған одан әрі медициналық көмек көрсетті. Қала тұрғынының әйелімен ұрыс-керістен кейін осындай шарасыз қадамға барғаны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама