Мен сөзім мен ісіме жауап беремін – Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы
Беларусьпен де Словакиямен де матч қиын болады
Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев Ұлттар лигасындағы Беларусьпен матч алдында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Журналистер әуелі Қазақстан мен Беларусь құрамаларының матчы Сербияның Нови Сад қаласында болатынын, ұзақ жолдың ойыншыларға қалай әсер ететінін сұрады.
– Әдетте футболшылар қонақ үйден шығып, бірден стадионға баратын еді. Қазақстан құрамасы Нови Сад қаласындағы стадионға бару үшін біраз жол жүреді. Оның үстіне, сіз ол жерге төрт сағат бұрын баратынымызды айттыңыз. Бұл ойыншыларға кері әсерін тигізбей ме?
– Дұрыс айтасыз. Біздің сапарымыз өте қиын болды. Нұр-Сұлтандағы матчтан кейін алты сағат ұшып, Словакиямен қиын матч өткіздік. Одан кейін Сербияға келдік. Ертең стадионға бару үшін тағы бір жарым сағат жүруге тура келеді. Матчтан кейін Қазақстанға ұшу керек. Келесі ойынымыз екі күннен кейін болады. Мұның бәрі оңай емес. Бірақ, бұл сапардың өзін жаттығу ретінде қабылдауға болады. Біз ештеңені де өзгерте алмаймыз. Сондықтан бұл мәселеден шығудың оңтайлы жолын іздеуіміз қажет. Беларусьпен ойында алаңда үздік команда ретінде көрінуге тырысамыз.
– Қазір біздің командадағы тоғыз ойыншыда сары қағаз бар. Олар тағы бір ескерту қағазын алса, Словакиямен ойынға қатыса алмайды. Сіз осы ойыншылармен сөйлестіңіз бе?
– Жағдай мәз емес. Біраз ойыншыны өз алаңымызға сақтап қалғым келеді. Бірақ, «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді», деген сөз бар емес пе? Екі матчта да жеңеміз деп, опық жеп қалуымыз ғажап емес. Беларусьпен матчқа алаңға сары қағаз алған ойыншылар шықпайды.
– Матчта кім капитан болады?
– Міндетті түрде Исламбек Қуат болады. Оның командада болғанына өте қуаныштымыз.
– Беларусь құрамасы екі матчта да гол соққан жоқ. Бас жаттықтырушысы қызметінен кетуі мүмкін деген де ақпарат бар. Бұл ойынға әсер ете ме?
– Мұны ескерсек, бұл ойын бізге екі есе қиын болады. Себебі, олар бар күшін салуға тырысады. Мен басқа команда жайлы айтқым келмейді. Өзімнің де жұмысым көп. Әркім өз ісімен айналыссын. Қайталап айтамын, қиын матч болады. Мұны Словакиямен ойыннан кейін де айтқан едім.
– Қазақстан бұған дейін Беларусь құрамасын мүлдем жеңбеген екен. Командамыз жеңсе, сіздің есіміңіз көпке дейін айтылып жүреді.
– Менде қатарымның алды болу деген жоқ. Мен үздік болуды қаламаймын. Себебі, мұның қолымнан келмейтінін білемін. Мен тек өз жолыммен жүріп, сөзім мен ісіме жауап беремін. Елдің алдындағы жауапкершілікті сезінемін. Команда болып ойнауға тырысамыз. Қолымыздан келіп жатса, тек қуанамыз, жолымыз болмаса, еңсемізді төмен түсірмей, келесі матчтарға дайындаламыз.