Мереке қыркүйектің екінші жексенбісіне бекітілген
Бүгін Қазақстанда Отбасы күні тойланып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, қыркүйектің екінші жексенбісінде елімізде Отбасы күні аталып өтеді. Мереке 2013 жылы бекітілген.
Мерекенің негізгі идеясы – ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасы мен неке ұғымдарына сүйіспеншілік тудыру, – деп қосты ведомство.
Биыл мерекенің жаңа тұжырымдамасы бекітілді. 2-8 қыркүйек аралығында Отбасы күніне арналған апталық өтті. Аптаның әр күні отбасылық дәстүрлер, некені жоспарлау, ұрпақ саулығы, саналы ата-ана болу, отбасылық демалыс пен басқа да тақырыптарға арналды. Республика бойынша барлығы мыңнан астам іс-шара өткізіліп, бір миллион адам қамтылды.
Бүгін қазақстандықтар «Отбасым – менің байлығым» акциясын бастады. Әлеуметтік желіде отбасыңыздың суретін жариялау арқылы акцияға қосылуға болады.