Halyq Uni логотип
×

Елорда мектептерінде жаңа форматтағы инклюзия кабинеттері ашылды

Олар бес мектепте жұмыс істейді

 Қымбат Елтайқызы 07.09.2024 | 12:29
Елорда мектептерінде жаңа форматтағы инклюзия кабинеттері ашылды
фото: Астана әкімдігі

Астаналық бес мектепте жаңа форматтағы инклюзивті сыныптар пайда болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, арнайы кабинеттерді «Самұрық-Қазына» қоры ашты.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған осындай кабинеттердің бірі №97 мектеп-гимназияда жұмыс істейтін болады. Ол екі бөліктен тұрады: психологқа, дефектологқа, логопедке арналған Open space форматындағы кең кабинеттер және керамика шеберханасы. Екінші бөлімде емдік дене шынықтыру кабинеті орналасқан. Бір сыныптың ауданы кемінде 60 шаршы метр. Бұл балаларға ыңғайлы жағдайда сабақ өткізуге мүмкіндік береді.

Қор спорттық марафонды өткізу аясында 100 млн теңгеден астам қаражат жинап, инклюзияны қолдаудың 5 кабинеті жобасын пилоттық режимде іске асырды. Менің ойымша, мұндай кабинеттер оқу процесінің маңызды бөлігі саналады. Елордалық мектептерде ерекше білім беру қажеттілігі бар 2000-ға жуық бала оқиды. Келесі жылы Астананың барлық мектебі халықаралық стандарттарға сай болуы үшін жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз, - деді қала әкімінің орынбасары Есет Байкен. 

Мектеп педагогтері мен мамандары арнайы оқытудан өткен. Сондай-ақ оларға жыл бойы әдіснамалық сүйемелдеу көрсетіледі.

«Біз Қазақстан өңірлерінде 42 оңалту орталығын, 10 спорт кешенін аштық. Бейімделген спорт секцияларымызға 1000-нан астам бала келеді. Біз мүгедектігі бар жастарды цифрлық кәсіптерге оқыта бастадық. Нәтижесінде туғаннан бастап адамдардың көмегін қамтып, олардың қоғамда әлеуметтенуіне барлық жағынан жәрдемдесеміз», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Жаңа форматтағы осындай инклюзивті сыныптар №22 мектеп-гимназиясында, №36 орта мектепте, Қ.Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейде және Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейде жұмыс істей бастады. Енді ерекше білім беру қажеттілігі бар 150-ден астам бала мектептерде құрдастарымен бірге оқи алады. 

Сіздер керемет жұмыс жасадыңыздар. Сіздердің арқаларыңызда ерекше балалар қарапайым балалармен бірге оқуға мүмкіндік алды. Қазір менің ұлым бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Мұғалімнің нұсқауларын орындауды үйренеді, ұжымға қосылады. Аутизммен ауыратын балалар үшін әлеуметтену өте маңызды, - деді мектеп оқушысының анасы Мария Айдарханова.

Осылайша, жоба 150-ден астам баланы білім беру және дамыту бағдарламаларымен қамтиды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама