Оларды құрықтауға иттер де жұмылдырылды
Батыс Қазақстан облысында тәртіп сақшылары есірткі жасырып кетушілерден 126 zip-пакет тәркіледі, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, «Қарасора» және «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында БҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері Деркөл ауылының маңындағы орман алқабында рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде екі есірткі жасырушыны қылмыс үстінде құрықтады.
Мәселен, 3 қыркүйек күні 20 жастағы жігіттен 24 түйін тәркіленді. Оның ішінде ерекше иісі бар, ақ түсті ұнтақ салынған zip-пакет болды. Оқиға орнын тексеру кезінде жолдан 25 метр қашықтықта тас астынан көк изолентамен оралған орама табылды. Ішінен zip-пакет табылып, тәркіленді. Қыркүйектің 4 күні Деркөл ауылында 41 жастағы Орал қаласының тұрғыны ұсталды. Тінту кезінде ішінде ақ түсті, ерекше иісі бар ұнтақ зат бар 38 түйін тәркіленді.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Иттердің көмегімен жоғалған адамдар, жарылғыш заттар мен есірткі өнімдерін іздеу шаралары жүзеге асырылады. Қызметтік иттер тәртіп сақшыларымен бірге тәулік бойы кезекшілік атқарады. Адам өлімі, тонау, ұрлық, балалардың жоғалуы сияқты хабар түскен кезде дереу оқиға орнына жетеді. Мәселен, жыл басынан бері 50 есірткі қылмысының беті ашылды. Бұл бағытта біз өңірге әкелінген тауар жүктерін тексерумен айналысамыз. Рейдтік шаралар тұрақты өткізіледі. Есірткі жасыру деректері бойынша да тексерулер қолға алынады, – дейді БҚО ПД Кинологиялық қызмет орталығының бастығы Жандос Сәриев.
Жыл басынан бері полиция қызметінде жүрген иттердің көмегімен 204 қылмыс ашылса, кинологиялық қызметтің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 50 есірткі қылмысының бетін ашты.
Бұған дейін Орал және Ақсай қалаларында есірткі затын жасырушы екі адам құрықталған болатын. Олардан жалпы есірткі салынған 63 zip-пакет тәркіленді. Жалпы бір апта ішінде жасырынған 126 zip-пакет табылып, тәркіленген еді.
Ұсталғандардың бәрі – жеңіл ақша іздеп қылмыстық жолға түскендер. Осыған ұқсас қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.