Ал Жамбыл облыстық әкімдігі тіпті шақырмаған да
Әйелдер арасында қол күресінен 4 дүркін Азия чемпионы, 2 дүркін әлем чемпионы Жарқынай Рахымбаева «Уақыт көрсетеді» Youtube-арнасына берген сұхбатында спорттағы жолы туралы айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жамбыл облысы Меркі ауылының тумасы ішінде жанайайқайы мен өкпесі бар екенін бүкпесіз айтқан.
Көк ту тек екі жағдайда басқа елдерде көтеріледі, президент басқа елге барғанда және спортшы 1-орын алғанда. Көк туды көтергенде, біз неге құрметпен күтіп алуына лайықты емеспіз? Көңілінен шығатындай жасаса дегің келеді, бірақ осыны айтсақ, жеккөрінішті болып қаласың, - дейді Жарқынай Рахымбаева.
Оның айтуынша, Меркіден қол күресінен әлем чемпионы болған адам жоқ.
2018 жылы алғаш рет чемпион атандым. Сосын осы жолы тағы алдым. Алақандай Меркіден шығып, әлем чемпионы болдым. Меркіні әлемге танытқандай болдым деп ойлаймын. Қайда жүрсем де Меркіден екенімді айтып жүремін. Сондықтан осы жаққа келгенде неге елеп-ескермейді екен деген өкініш бар, - дейді спортшы.
Сондай-ақ ол Азия чемпионатынан келген кезінде Меркі ауданының бұқаралық спорт басқармасы тарапынан сыйлыққа Asel пеш берілгенін жасырмады. Одан кейін аудан басшылығы жай бір шәйнек сыйлаған. Ал Жамбыл облыстық әкімдігі тіпті шақырмаған да.
Енді қазір спортшыға «Меркі ауданының құрметті азаматы» атағы берілгелі жатыр екен. Бұл туралы өзіне басшылықтан хабарласып айтқан. Осы орайда журналист одан «Жамбыл облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы шақырды ма?» деп сұрайды.
Жоқ, шақырмады. Азия чемпионатынан келгенімізде бір гүлмен күтіп алыпты. Мен ол кездесуге бара алмадым. Бұл спорт түрі Олимпиадаға кірмеген соң ба екен, әлде біздің басшылар сәл бостау ма деп ойлаймын. Олимпиадаға кірмесе де әлемдік додада ту көтеріп келген адамдар құрметке лайық болуы керек. Өзімді ғана айтқым келмейді, Жамбыл облысының намысын қорғаған бәріміз де құрметке лайықпыз деп ойлаймын, - деді Жарқынай Рахымбаева.