Тек «таңдаулылар» қала ма? Қазақстандық журналист Үкіметке кіру құқығынан айырылды
Ол 2016 жылдан бері ресми іс-шаралардан хабар таратады
Press.kz ақпарат порталы тілшісі Жания Ұранқаева Үкіметтен ақпарат тарату мүмкіндігінен айырылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Журналист 6 қыркүйекте Үкіметтің баспасөз қызметінен хат алған. Хатта Үкімет аса маңызды мемлекеттік объекті саналатыны, онда қызметкерлер мен келушілер нысанның ішкі ережелеріне бағынуы керек екені жазылған.
«Ғимаратта ережелердің бұзылуына және бірнеше рет жасалған ескертуді елемеуге байланысты сізге Үкімет ғимаратына 2024 жылғы 5 қыркүйектен бастап 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін кіруге шектеу қойылады» деп жазылған Үкімет жіберген хатта.
Жания Ұранқаева бұл шешіммен келіспейтінін жеткізді. Журналистің пікірінше, мұнда БАҚ жұмысына ашық кедергі жасалып отыр.
Бұл – ашық цензура. Маған ғимаратқа кіруді шектейтін норманы көрсетіңізші? Жаңа ережелерге сәйкес журналисті аккредиттеуден айыруға болады. Ол үшін 2 немесе одан да көп ескерту алу керек. Маған қандай да бір ережені бұзғаным туралы жазбаша хабарлама жіберілмеді. Премьер-министрдің баспасөз қызметінің жетекшісі Мақсат Төлегеновпен ауызша сөйлескенде ол ерекше қорғалатын объектілердің ішкі ережелері барын айтып, соған сілтеме жасады, - деді ол.
Ұранқаева бұл ережелермен танысуға мүмкіндік берілмегенін атап өтті.
Демек мені оқуға және зерделеуге мүмкіндік жоқ ереже бойынша Үкіметке кіру құқығынан айырып отыр. Мен мұны өкілетін асыра сілтеу деп санаймын және Үкімет баспасөз қызметі жетекшісінің әрекетіне шағым түсіремін, - деді журналист.
Бұл жағдайға Қазақстан Журналистер одағы да пікір білдірді.
Біз бұған дейін талқыланған «Журналистерді аккредиттеу туралы» жаңа нормаларға қатысты қауіптің ақыр соңында нормативті-құқықтық акті қабылданғаннан кейін шындыққа айналғанын зор өкінішпен мәлімдейміз. Журналистер жұмыс барысында кедергілерге тап бола бастады. Мысалы, 2024 жылдың соңына дейін журналист Жания Ұранқаева Үкімет ғимаратына кіруге шектеу қойылды. Осыған ұқсас шектеулер Қазақстан парламентінде де байқалып отыр, - деп жазылған хабарламада.
Одақтың ұстанымынша, аталған келеңсіздік мемлекет пен қоғам арасындағы толық диалогқа нұқсан келтіреді.
«Осыған байланысты жағдайды түсіндірулерін және масс-медиа қызметкерлерінің қарсылығына қарамастан қабылданған журналистерді аккредиттеу туралы ереженің күшін жойып, ең алдымен кәсіби журналистік қауымдастықтың мүддесіне жауап беретін нормалар әзірлеуді ұсынамыз. Қазақстан Журналистер одағы өз тарапынан барлық мүдделі тараптар үшін аталмыш мәселе бойынша диалог алаңын ұйымдастыруға дайын, - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін «Журналистер аккредитациясын бекіту тәртібі туралы» жарлық жобасы медиа сарапшылардың алаңдаушылық білдірді.