Олар әлеуметітк желіде 25 топ ашқан
Ақтау қалалық сотында 300-ге жуық адамды алдап кеткен екі әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сотта анықталғандай, олардың бірі 2021-2023 жылдары «Whats App» желісінде 25 топ ашып, оған әкімші ретінде өзінің таныстарын қойып, адамдарды топқа тіркелуге шақырып, онда төмен бағада ыдыс-аяқтар мен тұрмыстық техникалардың сатылатынын жарнамалап, сол арқылы жәбірленушілерден тауар алуға түскен ақшаларды иемденіп, өз қажеттілігіне жұмсаған.
Сондай-ақ, ол қылмыстық жолмен иемденген ақшаларды заңдастыру мақсатында жылжымайтын және жылжымалы мүліктерді сату-сатып алу келісімшарттарын жасаған.
Екінші сотталушы 4 топқа әкімші бола тұра, жәбірленушілерге топ арқылы жалған ақпаратты жарнамалап, алаяқтық жасауға жәрдемдескен. Сондай-ақ, жәбірленушілерден тапсырыстар қабылдап, ақша алып, оның бір бөлігін өзіне қалдырып, қалған бөлігін сыбайласына аударып отырған.
Сотталушылардың қылмыстық іс-әрекеттері салдарынан 294 жәбірленушіге 2,8 миллиард теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.
А. ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен, 218-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес, түпкілікті мүлкі тәркіленіп 9 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 262-бабының 1-бөлігі бойынша кінәсі дәлелденбегендіктен ақталды. Б. ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 262-бабының 2-бөлігі бойынша кінәсі дәлелденбегендіктен ақталды, – делінген сот хабарламасында.
Жәбірленушілердің талап арыздары толық қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.