×

Магистратураға құжат қабылдау басталды

2022-2023 оқу жылына 13 мыңнан аса грант қарастырылған

 Дәурен Ерболат 10.06.2022 | 14:37
Фото: buki.kz

Магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Тіркеу 15 шілдеге дейін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында жүргізіледі.

Үміткерлер білім беру бағдарламалары тобы, үміткерлердің тестілеуді өткізу тілі мен орнына өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін өзгерістер енгізе алады. 

Тестілеу күні туралы ақпарат үміткердің жеке кабинетіне жолданады. Кешенді тестілеу 20 шілдеден 10 тамызға дейін жүргізіледі.

Кешенді тестілеу электронды форматта өткізіледі және 3 бөліктен тұрады: шет тілі, оқуға дайындықты анықтау және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Оған 4 сағат беріледі. Шет тілін білу деңгейін растайтын халықаралық сертификаттары болса, үміткерлер шет тілінен ​​тест тапсырудан босатылады, - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Биыл ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, мамандандырылған магистратураға түсу 50 балл жинау керек.

Үміткерлер тест нәтижесімен келіспеген жағдайда онлайн апелляция бере алады.

Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылына арналған магистратураға мемлекеттік білім беру тапсырысы 13 мыңнан аса грант қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама