Halyq Uni логотип
×

Майқайыңдағы апат: қаза тапқан құтқарушының отбасы 120 млн теңге өндіріп алды

Жұмыс беруші марқұмның отбасына көңіл айтпаған

 Дәурен Ерболат 06.09.2024 | 09:25
Майқайыңдағы апат: қаза тапқан құтқарушының отбасы 120 млн теңге өндіріп алды
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Екібастұз қалалық соты «Майқайыңалтын» АҚ аумағында болған апаттан көз жұмған құтқарушының туыстарының құқығын қорғады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қайғылы оқиға биыл 4 қаңтарда болған. «Майқайыңалтынға» тиесілі кеніштегі шұңқырға автобус құлаған. Салдарынан 3 құтқарушы мен жүргізуші қаза тапты. Олар Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталығының қызметкерлері болған.

Осы факті бойынша арнайы комиссия жазатайым оқиғаға тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі 100%, жұмыскерлердің кінәсі 0% екенін анықтады, – деді соттың баспасөз қызметі.

Pavlodarnews.kz мәліметінше, қаза тапқан құтқарушы Олег Тышкевичтің анасы, қызы, ұлы және әпкесі компания моральдық зиянды өтеуі керек деп сотқа жүгінген. Олар қайғылы оқиға кезінде жұмыс беруші көңіл айтпағанын, қолдау көрсетпегенін атап өтті.

Сот болған жазатайым оқиғаға жұмыс берушінің 100% кінәсі барын ескеріп, қайтыс болған құтқарушының туыстарының талаптарын толық қанағаттандырды. Осылайша, әрбір туысының пайдасына 30 млн теңгеден, жалпы сомасы 120 млн теңге моральдық зиянды өндірді, – деп жазылған хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама