Астана қаласында жылына орта есеппен 10 мың бала гипске барады
Қазір балалардың сүйегі әлсіз. Соның кесірінен аяқ-қолы сынғыш келеді. Себебі ағзаға D3 дәрумені жетіспейді. Дәрігерлер осылай деп дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Ойнаймын деп опық жейтіндердің басым бөлігі – балалар. Бұл ретте дәрігерлер сүйегі морт сынатын балалардың қатары көп дейді. Медициналық көмекке түрлі жарақатпен күніне 300-ден аса бала жүгінетін көрінеді. Оның жоқ дегенде бесеуіне ота жасалады.
Қазір бізге әртүрлі жарақатпен түсіп жатқандар көп. Сүйектері өте сынғыш болып келеді. Орта есеппен алғанда, Астана қаласында көрсеткіш жылына 10 мың адамға жоғарлап тұр, - дейді травматолог-дәрігер Ержан Өтешев.
Ал нутрициолог мамандардың айтуынша, қазір ет жеп, сорпа ішетін, сүйек мүжитін бала жоқ. Мәселенің мәні сонда дейді олар.
D3 дәрумені жетіспеуі сүйектердің сынғыштығына алып келеді. Рахит, басқа да ауруларға әкеп соғуы мүмкін. Балалардың ағзасында көптеген дефициттер бар. Балалар дұрыс тамақтанбайды. Дұрыс тамақтың орнына тәтті жегіш қазір, - дейді нутрициолог Жанна Нұрберген.
Оның айтуынша, дұрыс тамақтанып жүрсе, ағзасында дәрумен жеткілікті болса, бала жарақаттан да, аурудан да аман сақталады.