Сәтсіз блефаропластика: отадан зардап шеккен ақтөбелік 1,2 млн теңге өндіріп алды
Дәрігердің тиісті лицензиясы болмаған
Ақтөбеде үйде блефаропластика жасатқан соң қабағы жарылған әйел материалдық және моральдық зиянды өндіру туралы талапарызбен қалалық сотқа жүгінген, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сотта анықталғандай, Instagram-да блефаропластика қызметі туралы жарнаманы көрген әйел 4 тамызда дәрігердің жалдамалы пәтерінде ота жасатқан. Операциядан кейін бір апта өткен соң, ол көздің ассиметриясын байқап, дәрігерге қайта хабарласып, 15 тамызда екінші рет ота жасатады. Екінші ота кезінде дәрігер оң көзі қабағаның терісін тым терең тіліп, терісімен бірге төменгі кірпіктерді кесіп тастағандықтан, әйелден қан кету тоқтамаған. Дәрігер жараны лазермен күйдіріп, қан кетуді тоқтатып, қан кеткен жерді тігіп тастаған.
Әйел конъюнктивит, ауырсыну және жас ағу сияқты жайсыздықты сезінгеннен кейін офтальмологтар мен пластикалық хирургтарға жүгінуге мәжбүр болған.
Қазір қабақтың толық жабылмауына, көздің және қабақтың үнемі ісуіне байланысты келбеті өзгергендіктен, әйел жұмысын тастап, сәтсіз жасалған отадан кейін емдеуге және оңалтуға шығындалуға мәжбүр болған.
Сот істі қарау кезінде жауапкердің ауруханада фельдшер болып жұмыс істейтінін, оның пластикалық хирургия бойынша лицензиясы жоқтығын, тек сертификаты бар екенін анықтады. Жауапкер талап қоюшыға ота жасауға жұмсалған 80 мың теңге сомасын өз еркімен қайтарған. Сот шешімімен жауапкерден талап қоюшының пайдасына 235 мың теңге материалдық шығын және 1 миллион теңге моральдық зиянның өтеуі өндірілді – делінген сот хабарламасында.
Сот шешімі заңды күшіне енді.