Halyq Uni логотип
×

«6 баланың әкесімін»: басы дауда қалған экс-депутат Асқар Садықов мәлімдеме жасады

Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды

 Дәурен Ерболат 05.09.2024 | 11:20
«6 баланың әкесімін»: басы дауда қалған экс-депутат Асқар Садықов мәлімдеме жасады
Асқар Садықов. Фото: parlam.kz

Бұрынғы Мәжіліс депутаты Асқар Садықов мандатынан айырылғаннан кейін видео жариялап, мәлімдеме жасады. Ол өз сөзінде «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевке жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

4 қыркүйекте депутат Азат Перуашев экс-әріптесі Асқар Садықовты депутат мандатынан айыруға оның «лауазым өкiлетін асыра пайдалануы» және «этика нормаларын бұзуы» туралы шағымдар себеп болғанын айтты.

Парламентте (партияда емес) жұмыс істейтін 1 әйел Асқар Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныс жасап, қысым көрсеткенін айтып арызданды. Сөзіне дәлел ретінде WhatsApp-та Садықовтан жіберілген хаттар скринін көрсетті. Арызданушы 17 сәуірде өзіне жазылған мұндай қорлау ұсыныстарды жауапсыз қалдырып, елемеген. Алайда 15 мамырда бұл тағы қайталанған. Арызданушының айтуынша, Садықов жыныстық бопсалауды жүйелі түрде басқа күндері де жалғастырған. Бірақ харассмент көрген жәбірленуші депутатқа қол сұғуға болмайтынына байланысты құқықтық қорғауға жүгіне алмаған, – деп жазды депутат Telegram-дағы арнасында.

Алайда 5 қыркүйекте Асқар Садықов мұны жоққа шығарды.

Құрметті қазақстандықтар, сіздерге саяси мансабымдағы соңғы оқиғаларға байланысты түсінік бергім келеді. Мен партиядан шығарылдым, (депутаттық) мандаттан айырылдым. Мен өз қызметімде әрдайым халық пен мемлекеттің мүддесін басшылыққа алдым, заңдарды сақтадым және әр азаматтың құқығын құрметтедім. Ақтөбе облысы мәслихатының депутаты және Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде тәжірибем осы қағидаттарға деген адалдығымды растайды. Сіздің сеніміңіз мен үшін маңызды және солай қала береді. Мен 6 баланың әкесімін, - деді экс- депутат.

Сондай-ақ ол «Ақжол» партиясының жетекшісінің сөзіне қатысты пікір білдірді.

Мені лас ойынға және манипуляцияға тартпауыңызды сұраймын. Енді мен үндемей отыра алмаймын. Мұндай мәлімдеме партия көшбасшысының деңгейіне сәйкес келмейді. Дегемен Азат Перуашев өз халқын бірнеше рет адастырған. Бұл оның жұмыс стилі болуы керек. Азат Перуашев, сізге айтарым бар. Сіз мені партиядан шығарамын деп шешсеңіз, беделіме нұқсан келтіретін лас инсинуация жинаудың орнына басқа дәлелдерді келтіре алатын едіңіз. Өкінішке қарай, ондай делел жоқ. Егер мұндай әрекет болса, сіз бұл мәселені көтеріп, оны мамырда менімен және партия мүшелерімен талқылаған болар едіңіз, - деді Асқар Садықов.

Айта кетейік, биыл 29 тамызда Орталық сайлау комиссиясы 55 жастағы Мәжіліс депутаты Асқар Садықовты өкілетінен айырған еді. Ол 2023 жылғы наурыздан бастап депутат болған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама