Шымкентте аудан әкімі аппаратының басшысы сотталды

Динара Амантай

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

Фото: Halyq Uni

Шымкент қаласының ауданаралық қылмыстық сотында шенеунікке қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сотта анықталғандай, 2019 жылы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметтік жағдайын пайдалана отырып, кәсіпкерлермен алдын ала сөз байласу арқылы әкімдіктің бюджет қаражатын жымқыруды көздеген. Олар тұрғын үй аулаларын абаттандыруға арналған сметалық құжаттарды қоқыс жәшіктері, шағын беседкалар, орындықтар, ойын және жаттығу алаңдарының құнын асыра отырып әзірлеу арқылы шамамен 700 млн теңге көлемінде сеніп тапсырылған мүлікті ысырап етті.

Ал компания басшылары декларацияларға әдейі бұрмаланған деректерді енгізу арқылы салық төлеуден жалтарып, мемлекетке 194 млн теңгеден астам залал келтірді. Сонымен қатар, олардың біреуі салық органдары алдындағы қарызын жасыру мақсатында 130 млн теңгеден астам сомаға банк кепілдігін жасау үшін банк фирмалық бланкін қолдан жасаған.

Сот жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып – кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты, әрқайсысына  8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, М.-ны өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырды. Сондай-ақ, Б. ҚК-нің 385-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен ескіру мерзімінің өтуіне байланысты босатылды, қылмыстық іс бұл бөлікте тоқтатылды, – делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.