Жетісу облысында жүк пойызы 11 жылқыны қағып кетті
Мал иелері жазаланды
Жетісу облысында жүк пойызы 11 жылқыны қағып кетті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, осы жылдың 8 айында көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуінің 1417 дерегі тіркелді. Еліміздің темір жолдарында 1070 жануарды қағып кету фактілері болды. Оның ішінде 355 жылқы, 191 ірі қара, 28 ұсақ мал және т.б. Бұл туралы көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев айтты.
Оның айтуынша, осы жылғы 31 тамызда Жетісу облысының Быжы – Бахша аралығында жүк пойызының машинисі темір жолда үй жануарларының болуына байланысты шұғыл тежеу қолданды. Алайда, қақтығысудың алдын алу мүмкін болмады. Салдарынан 8 жылқы пойыз астына түсті. Жоспарланбаған пойыз тұрағы 14 минутты құрады. Дәл сол күні Сарыөзек – Үштөбе аралығында да осындай факт анықталды. Онда жүк пойызы 3 жылқыны қағып кетті, – делінген ақпаратта.
Үштөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру барысында үй жануарларының иелерін тауып, оларды теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартты. Олар Жетісу облысының 44 және 55 жастағы тұрғындары болып шықты.
Малыбаев көлік полицейлері үнемі рейдтер жүргізіп, мал иелерімен әңгімелер өткізіп, жадынамалар таратып, ауылшаруашылық жануарларының иелерін мұқият болуға шақыратынын айтты. Ұдайы жүргізілетін профилактикалық жұмыстарға қарамастан, тұрғындар тарапынан құқық бұзушылықтарға әлі де жол беріліп отыр.
«Теміржол арқылы өту өткелдерде, жол өтпелерінде және арнайы белгіленген орындарда ғана рұқсат етілгенін тағы да еске саламыз. Дегенмен қараңғы, тұманды, нөсер жаңбыр және боранды күндері, тіпті ол жерлерден де өтуге тыйым салынады», – деді Б.Малыбаев.