Сатушыларды қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндеттеу керек – Ринат Зайытов
Мәселе екінші оқылымда қаралады
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қазақстанда сатушыларды қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндеттеу керегін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Мәжіліс депутаттары «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Жиында Ринат Зайытов мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді заңмен міндеттеуді ұсынды.
Қоғамда тілге қатысты мәселе бар. Мысалы, тұтынушы бір жерге келеді де «Сен неге маған мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейсің?» деп айтады. Міне, осы жерде дау шығып, қоғам шулайды. Өйткені, Конституциядан басқа жерде мемлекеттік тілдің мәртебесі анықталмаған. Бұл мәселені көтергіміз де келмейді. Сондықтан заңда «Кез келген Қазақстан аумағындағы орындаушы және сатушы бірінші кезекте мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті» деп нақты жазылуы керек, - деді депутат.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бұл мәселе тұтынушылардың құқығын қорғайтын заңда барын атап өтті.
Мысалы, қазақ тілінде қызмет алғыңыз келсе, сізге міндетті түрде қызмет көрсетіледі. Егер олай болмаса тұтынушы ретінде арыз жазуға құқығыңыз бар. Екінші оқылымға дейін бұл мәселені қайта қараймыз, - деді министр.