Ақтөбеде құрылыс нысандары аумағынан 12 жастағы баланың мәйіті табылды
Зорлықпен өлтірілгені көрініп тұр
Ақтөбе қаласындағы Есет батыр тұрғын алабында 12 жастағы баланың мәйіті табылды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, баланың денесі 3-шағынаудан аумағында орналасқан құрылыс нысандарының аумағында жатқан.
Бала көп қан жоғалтқан. Бас, дене, қол мен аяқтың көптеген жарақаты бар. Зорлықпен өлтірілгені көрініп тұр, - делінген хабарламада.
Алдын ала болжам бойынша оны ит талап тастаған болуы да мүмкін. Қазір сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалып отыр.
Бұл оқиғаға қатысты Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов та ақпарат берді.
«Болған жағдайға байланысты ата-анасына барып, көңілін сұрап келіп отырмыз. Сот-медициналық және гистологиялық сараптама жасалып жатыр. Бұл 10-15 күнге созылады. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен облыстық ПД бастығы істі бақылауға алды», - деді ол.
Жалпы, биыл осы тұрғын алабы бойынша полицияға итке қатысты 14 хабарлама түскен.