Клиенттердің талаптарын орындамаған кәсіпкерлерге айыппұл салынады

Динара Амантай

Оларға сотқа дейінгі кезеңде заңбұзушылықтарды өз еркімен жоюға мүмкіндік беріледі

Фото: Halyq Uni

Сотқа дейінгі сатыда тұтынушылардың талаптарын орындамаған кәсіпкерлерге айыппұл салынады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жаңа заң жобасы тұтынушылардың шағымдарымен жұмыс істеу жүйесін жеңілдетеді. Енді олар өз құқығын қорғаудың жолдарын таңдай алады. Мысалы, тікелей сотқа талап арыз бере алады, сатушыны жауапқа тарту үшін мемлекеттік органға немесе арбитражға хабарласа алады, медиаторға немесе қоғамдық тұтынушылар бірлестіктеріне, қауымдастықтарға, омбудсменге жүгіне алады.

Бұл ретте құқығы бұзылған және мәселесі сотқа дейінгі сатыда шешілмеген тұтынушылардың пайдасына кәсіпкерлердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі енгізіледі. Тұтынушының талаптарын өз еркімен орындамаса, сот сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) айыппұл өндіріп алады. Айыппұл талап-арыз сомасының 10 пайызынан 50 пайызына дейін (талап сомасы неғұрлым аз болса, айыппұл соғұрлым көп болады). Бұл норма кәсіпкерлерді сотқа дейінгі кезеңде заңбұзушылықтарды өз еркімен жоюға ынталандырады.