Рейс кешіккені үшін әуе компания мен әуежай басшылығы да жауапқа тартылуы мүмкін
Көлік вице-министрі салада өзгеріс болатынын айтты
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек азаматтық авиация саласында тұтынушылардың құқығы жиі бұзылатынын айтып, жауапты мекемелерге сауал жолдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Осы тұста депутат азаматтық авиациядағы өзекті мәселелер шешілмей жатқанын айтты.
Тұтынушылардың құқығы қорғалмай, тапталып жатқан салының бірі – азаматтық авиация. Air Astana, FlyArystan cияқты компаниялардың бассыздығы, заңсыздығы, былығынан халық шаршады. Мемлекеттің тісі батпай отыр. Өкінішке орай билеттерді қайтармайды, не рейстерді кейінге қалдырады. Ең сорақысы мүгедектігі бар азаматтар мен жасөспірімдерді рейстен қалдырып отыр. Лоббистер тұтынушыларды қорғауды көздейтін тексерістің бәрін алып тастады. Енді олар билет құнын қайтадан көтеруге тырысып жатыр, - деді Бақытжан Базарбек.
Ол мемлекеттік органдарға сауал жолдады.
«Біріншіден, мұндағы мәселе халықаралық конвенцияда болуы мүмкін. 1929 жылы Варшава конвенциясына қосылдық. Бірақ онда тетіктер жоқ. Варшава конвенциясынан шығып, Монреаль конвенциясына кіру керек шығар. Екіншіден, аэропорт және әуекомпаниясы басшылығының рейстерді кейінге қалдыру мәселесі. Заң жобасы аясында мүліктік жауапкершілікке тарту жоспарда бар ма, жоқ па? Әуе компания мен аэропорт басшылығы мүліктік жауапкершілікке тартыла ма?», - деді депутат.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бұл мәселе назарға алынғанын жеткізді.
Қолданыстағы заңда сондай кемшілік бар. Сол кемшілікті біз алып тастадық. Енді біздің «тісіміз» батады. Біздің құзертіміз кеңейтілді. Бұл мәселе бізге қарайды. Екіншіден, 100 пайыз ақшаны қайтармау туралы бапты заңнан алып тастадық. Енді оларда заң жүзінде ондай мүмкіндік болмайды, - деді министр.
Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев енді салада тиісті өзгеріс болатынын жеткізді.
Монреаль конвециясын 2015 жылы ратификациялаған едік. Ол конвеция авиажүк және жолаушыларды тасымалдау тетіктерін қарастырады. Бүгін біз сол конвеция аясында жұмыс істеп жатырмыз. Енді сіз қойған сұрақтарға тоқталайын. Рейстерді кешіктіргенде және ұшақ ұшпай қалған жағдайда жаңадан өзгерістер енгізу бойынша жұмыс істеліп жатыр, - деді ол.
Сәтжан Аблалиевтің айтуынша, министрлік рейстерді кешіктірмеу үшін тек әуе компания емес, әуежайдың да жауапкершілігін арттыруды жоспарлап отыр.
«Себебі кейбір кезде әуежайдың дайындығы болмай қалады. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен балаларға, жүкті әйелдерге дұрыс қызмет көрсетпеген жағдайда оларға айыппұл салу пакеті дайындалды. Осындай айыппұлдар әуе компания мен әуежай басшылығына салу жөнінде дайындаған түзетулер бар», - деді министрдің орынбасары.