Батыс Қазақстанда есірткі жасырумен айналысқандар ұсталды (ВИДЕО)
Олар 10-15 жылға сотталуы мүмкін
БҚО тәртіп сақшылары бір аптаның ішінде есірткі жасырумен айналысқан екі жас жігітті құрықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, Оралда «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында есірткі затын жасырып, тасымалдаумен айналысқан 19 жастағы жігіт анықталып, ұсталды. Ол өзі жедел уәкіл қызметкерлеріне есірткі заттарын жасыру координаттарын көрсеткен. Тексеру барысында жалпы 27 орама табылып, тәркіленді. Олар ішінде ерекше иісті ақшыл түсті ұнтақ заты бар zip пакеттер болып шықты. Жауап беру кезінде жігіт ақша табудың оңай жолын таптым деп түсіндіреді. Алайда оның салдары туралы ойламаса керек. Жігіт еш жерде жұмыс істемейді және оқымайды.
Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Мұндай қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады, – делінген ақпаратта.
Жуырда Бөрлі ауданының полиция қызметкерлері Ақсай қаласында осыған ұқсас есірткі затын жасырумен айналысқан 18 жастағы жігітті құрықтаған еді.