Жобаның ерекшелігі – жұмыс іздеудің барлық негізгі платформаларын талдау
Жұмысқа орналасуға және кәсіби дамуға көмектесетін «Мансап компасы» атты жаңа платформа іске қосылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ ақпаратына сәйкес, платформа 2019 жылдан бастап қазақстандық еңбек нарығы туралы деректерді талдайды. Бұл пайдаланушыларға өзгерістер динамикасын бағалауға және болашақ үрдістерді болжауға мүмкіндік береді.
Жобаның ерекшелігі – жұмыс іздеудің барлық негізгі платформаларын талдау. Бұл пайдаланушыларға ең көп сұранысқа ие кәсіптерді бағдарлауға және ең жақсы еңбек жағдайлары бар аймақтарды таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге платформа жоғары оқу орындары, мамандықтар және мемлекеттік гранттар алу мүмкіндіктері туралы толық мәлімет береді, – делінген хабарламада.
Жобаны бастау үшін жоғары білім алуды талап ететін 300-ден астам кең таралған мамандықтарға терең талдау жүргізілді. Келесі кезеңдерде осындай жұмыс негізгі техникалық және жұмысшы мамандықтар бойынша, сондай-ақ қосымша білім беру саласында жүргізіледі.
2024 жылдың соңына қарай мамандықтар туралы деректерді дәлірек болжау және талдау үшін машиналық оқыту модельдерін енгізу жоспарланып отыр.
«Мансап компасы» жобасының аудиториясы өз мансабын жоспарлауға және кәсіби дамуға мүдделі адамдардың әртүрлі санаттарын қамтиды. Бірінші кезеңде – мектеп түлектері мен студенттер. Олар үшін платформа сұранысқа ие мамандықтар, жоғары оқу орындарына түсушілерге қойылатын талаптар және гранттар алу мүмкіндіктері туралы ақпарат көзі бола алады, сондай-ақ таңдалған мамандықтың болашағын бағалау, тағылымдамадан өту және болашақ жұмысты іздеу үшін бірегей ақпарат береді, – деп атап өтті ЕРДО вице-президенті Шалқар Байқұлақов.
Сонымен қатар, портал мамандығын өзгерткісі келетін адамдар үшін де өз пайдасын тигізбек. Өз дағдыларын талдауға, өзі үшін жаңа кәсіби мақсаттарды анықтауға және тиісті білім беру бағдарламаларын табуға мүмкіндік беру жоспарланып отыр.