Halyq Uni логотип
×

Өзбекстанға барған туристердің өзі сақалын қырып тастауға мәжбүр - БАҚ

Париж Олимпиада ойындары кезінде сақалы бар спортшыларына президентпен бейнебайланыс алдында сақалын қысқарту тапсырылған

 Халық үні 03.09.2024 | 22:31
Өзбекстанға барған туристердің өзі сақалын қырып тастауға мәжбүр - БАҚ
фото: seminar-beauty.ru

Соңғы күндері Өзбекстанда сақалға қарсы рейдтер тағы да күшейген. Ташкентте сақал қойғаны үшін бірнеше ер адамның әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны мәлім болды, деп хабарлайды Halyq Uni Озодлик радиосына сілтеме жасап.

Соңғы күндері Өзбекстанның әкімшілік соттарында «қоғамдық орындарда жеке басын анықтауға мүмкіндік бермейтін дәрежеде бетін бүркеу» деген бап бойынша істің қаралуы жиілеп кеткен. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының тікелей нұсқауы бойынша бірнеше ер адамның сақалын күштеп қырып тастағаны да мәлім. Көбіне мұндай жағдай Жизақ, Самарқанд, Әндіжан және Ферғана облыстарында кездеседі.

Сақалын қыруға немесе қысқартуға мәжбүр болғандардың көпшілігі – ресми діни дәрежесі жоқ діндарлар, қоғам белсенділері мен өнер адамдары. Алайда бұл тізімде шетелдік туристер мен Париж Олимпиадасының чемпиондары да бар екендігі анықталды. Өзінің аты-жөнін жарияламауды өтінген Олимпиада чемпиондарының бірі Париж Олимпиада ойындары кезінде сақалы бар өзбек спортшыларына президентпен бейнебайланыс алдында сақалын қысқарту тапсырылғанын айтқан.

Сондай-ақ Өзбекстанға барған Германия азаматы әлеуметтік желіде Ташкентте полиция қызметкерлері 3 жылдан бері өсіріп келген сақалын қыруға мәжбүрлегенін жазды.

Мүмкін бұл сол күні барлық жерде жұма намазы оқылғандықтан шығар? Көшеде полиция қызметкерлері көп болды. Олар мені тоқтатты. Мен өзбек тілін білмеймін, олармен шала орыс тілінде сөйлестім. Мені еш түсіндірместен полиция бөлімшесіне алып кетіп, сақалымды не өзім қыруым керектігін немесе өздері қыратындығын айтты, - деп жазды шетелдік турист.

Өзбекстан Ұлттық телерадиокомпаниясы қызметкерлерінің бірінің айтуынша, өнер адамдарына да эфирге сақал қойып шығуға бейресми түрде тыйым салынған. Ол бұл тыйымның мемлекеттік емес телеарна қызметкерлеріне де қатысты екенін айтты.

Шілде айында сақалының өсуіне байланысты әнші Шохжахон Джураевты Zoʻr телеарнасындағы «Артист» жобасына қатысуға жібермеген. Содан кейін ол сақалын толығымен қырып, шоудың қазылар алқасында отыруға мәжбүр болыпты.

Бүгінде Өзбекстанның құқық қорғау органдарында «Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске өзгертулер енгізу туралы» заңы бойынша 789 іс сот қаулыларының деректер базасында жатыр екен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама