Бектенов көлікті техникалық байқаудан өткізу сапасын арттыруды тапсырды
Президент Жолдауда жол апаттары саны азайтуды тапсырған еді
Олжас Бектенов автокөлікті техникалық байқаудан өткізу сапасын тиімді бақылаудың жаңа тетіктерін әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Президент Жолдауын іске асыру мәселесі бойынша Үкімет отырысы барысында қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды, деп мәлімдеді премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Қылмыс, атап айтқанда, алаяқтық, нашақорлық мәселелері өзектендірілді. Ішкі істер министрлігі алдына мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2 ай мерзімде қылмыспен, оның ішінде алаяқтықпен күрес бойынша қосымша шаралар кешенін әзірлеу міндеті қойылды. Сондай-ақ есірткі қылмысына қарасы іс-қимыл және нашақорлықтың профилактикасы жөніндегі түзетулерді көздейтін заң жобасын ілгерілету жұмысын жандандыру қажет, – деп қосты ведомство.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тағы бір міндет – жол-көлік оқиғалары санын азайту.
«Көлік министрлігіне зияткерлік жүйелерді енгізе отырып, қауіпсіз жол инфрақұрылымын құруды қамтамасыз етуді, сондай-ақ биылғы жылдың соңына дейін автокөлікті техникалық байқаудан өткізу сапасын тиімді бақылаудың жаңа тетіктерін әзірлеуді тапсырамын», – деді ол.