АЭС салу бойынша референдум өткізу тәртібі қандай?
Ел бойынша 12 миллионнан аса адамның дауыс беру құқығы бар
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров биыл 6 қазанда Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум қалай өтетінін түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, барлық сайлау учаскесінің саны – 10 327. Азаматтардың тіркелген жері бойынша сайлау учаскесі – 9 709, уақытша – 618. Оның ішінде 78 сайлау учаскесі (63 елде) шетелде болады. Сайлау комиссиялары мүшелерінің саны – 70 049 адам.
Константин Петров науқан президент жарлығы қабылданған күннен бастап дауыс беру күніне дейін 25 күн жүргізілетінін атап өтті. Референдум төмендегі тәртіп бойынша іске асады:
12 қыркүйекке дейін жергілікті атқарушы билік БАҚ-та сайлау учаскелерінің шекарасы туралы, ал аумақтық референдум комиссиясы сайлау комиссиясының құрамы және олардың орналасқан жері туралы ақпарат жариялайды.
15 қыркүйекке дейін жергілікті атқарушы билік әкімнің қолы қойылған сайлаушылардың тізімдерін референдум учаскесіне, ал жоғары тұрған комиссияға және Орталық сайлау комиссиясына тізімнің электронды нұсқасын беруге тиіс.
26 қыркүйекке дейін: учаскелік референдум комиссиялары дауыс берушілердің тізімін алғаннан кейін ауқымды жұмыс бастайды: азаматтар дауысты қашан және қайда бере алатыны, не үшін дауыс беру керегі, сайлау учаскесі қай мекенжайда орналасқаны туралы ақпарат береді.
Бюллетеньдер дауыс беру күніне дейін 1 күннен кешіктірілмей жеткізіледі.
5 қазан – үнсіздік күні. Үгіт-насихат дауыс беру күніне дейін түнгі сағат 00.00-де аяқталады.
6 қазан – референдум күні. Дауыс беру сағат таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жүргізіледі. Дауыс берушілерге ыңғайлы болу үшін аумақтық референдум комиссиялары өзге уақытты белгілеуі мүмкін. Мысалы, вахталық әдіс арқылы жұмыс істейтіндер үшін.
12 сағаттың ішінде дауыс саналады. Өңірлерге Орталық референдум комиссиясына дауыс беру қорытындысының жиынтық хаттамасын жинауға және жеткізуге 2 күн беріледі.
Орталық комиссия 7 күн ішінде референдумның қорытындысын анықтап, ресми хабарламаны БАҚ-та жариялауға тиіс.
Қазақстанда дауыс беруге құқығы бар 12 176 968 адам тұрады:
- Ұлытау облысы – 140 мың 90 адам;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 378 мың 636 адам;
- Атырау облысы – 391 мың 937 адам;
- Абай облысы – 403 мың 641 адам;
- Маңғыстау облысы – 432 мың 902 адам;
- Жетісу облысы – 444 мың 860 адам;
- Батыс Қазақстан облысы – 450 мың 157 адам;
- Шығыс Қазақстан облысы – 491 мың 208 адам;
- Қызылорда облысы – 495 мың 680 адам;
- Ақмола облысы – 507 мың 599 адам;
- Павлодар облысы – 509 мың 444 адам;
- Қостанай облысы – 545 мың 943 адам;
- Ақтөбе облысы – 566 мың 944 адам;
- Шымкент қаласы – 660 мың 779 адам;
- Жамбыл облысы – 721 мың 676 адам;
- Қарағанды облысы – 754 мың 706 адам;
- Астана қаласы – 864 мың 664 адам;
- Алматы облысы – 993 мың 498 адам;
- Түркістан облысы – 1 млн 187 мың 990 адам;
- Алматы қаласы – 1 млн 234 мың 614 адам.
Айта кетейік, АЭС салу бойынша референдум 6 қазанда өтеді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға жолдауында айтты. Ол жерде қазақстандықтар «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа жауап береді. Сондай-ақ АЭС салу бойынша референдум өткізуге 15,5 млрд теңге қажет екені айтылды.