Елімізде 10 жылда отбасы саны 1,5 миллионға өсті
Ажырасу азайған
10 жыл ішінде Қазақстанда отбасы саны 1,5 миллионнан астамға өсті, деп хабарлайды Halyq Uni.
2021 жылғы Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша, отбасылар саны 5 578 947 құрады, деді мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.
2009 жылғы санақ деректеріне сәйкес, республикадағы отбасылар саны 4 022 388 құрады. Осылайша, бұл көрсеткіш 10 жыл ішінде 1,5 миллионнан астамға өсті, - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәжілісінде.
Оның айтуынша, ажырасу санының төмендеуі байқалады: соңғы 5 жылда 48,6%-ға азайған. Сауалнама нәтижелері бойынша, қазақстандықтардың 95,4% отбасылық қарым-қатынасқа қанағаттанады. Қазақстандық отбасылардың басты құндылықтары: бір-біріне қамқорлық жасау, өзара сыйластық, қолдау көрсету, махаббат және балалар.
Сонымен қатар, әкелердің бала тәрбиесіне қатысуы артқан. Балаларды тәрбиелеу кезінде отбасылар көбінесе еңбекқорлық, адалдық, үлкендерді құрметтеу, өзін-өзі құрметтеу, басқаларды құрметтеу сияқты қасиеттерге назар аударады.