×

Жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін шекті балл қайта қаралады

Ал университеттердің білім сапасы тексеріліп, олар үш топқа бөлінеді 

 Халық үні 03.09.2024 | 11:15
Фото: Halyq Uni

Жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін шекті балл қайта қаралады. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ол жоғары білім беру саласында болатын өзгерістерге тоқталды. Айтуынша, елімізде филиал ашқан шетелдік жоғары оқу орындарының жұмысын біріздендіру мақсаты тұр. Ол үшін қазан айының соңына дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі Бірыңғай талаптар қабылдайды.

Оның ішінде оқу бағдарламаларының халықаралық стандарттарын, оқыту технологиясын және студенттердің білімі мен біліктілігін бағалау механизмдерін трансферлеу қарастырылады.

Ал қазақстандық университеттердің бәсекеге қабілеттілігін күшейту үшін 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін жоғары оқу орындарының білім сапасын тәуелсіз бағалау ұйымдастырылады.

Бағалау нәтижесі бойынша жоғары оқу орындары жоғары, орташа және мақсатты деп жіктеледі.

Білім беру гранттарына қатысты да өзгеріс болмақ. Дүйсенованың сөзінше, алдағы жылдарда гранттар жоғары оқу орындарының кіретін тобына қарай және ҰБТ-да жоғары балл алған, бірақ конкурс аясында өте алмай қалған түлектерді қолдау мақсатында сараланады немесе дифференциаланады.

Осы өзгерістер аясында жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін шекті балл да қайта қарастырылады, - деді премьер-министрдің орынбасары.

Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 50 балл және ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл болды.

Ең жоғары шекті балл – кемінде 75 балл «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру бағдарламаларына түсу үшін бекітілген.

«Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» бағыты бойынша оқуға шешім қабылдаған талапкерлер ҰБТ-да кемінде 70 балл жинауға тиіс.

Ал ұлттық жоғары оқу орындарына «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» мамандығына түскісі келетіндерге кемінде 60 балл жинауы қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама