Мүгедектікті белгілеу бойынша 60 мың өтінім сырттай қаралды
Президент осы жүйеге көшуді тапсырған болатын
Елімізде мүгедектікті белгілеу бойынша 60 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
2024 жылдын басынын бастап мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық өңірінен 60,4 мыңнан астам өтінім қаралды.
2023 жылы 76,4 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды. Бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 30,4%-ын құрайды, – деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің көрсетілетін қызметті алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы тапсырманы орындау мақсатында Денсаулық сақтау мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, Қазақстанның барлық 20 өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны іске асырып жатыр.
Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет. Қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.
Сырттай куәландыруға көшу:
- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;
- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
- мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;
- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды. Сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.