Бізде АИТВ жұқтырған аналар жылда босанады, - дейді арнаулы орталықтың бөлімше меңгерушісі
Солтүстік Қазақстан облысында адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясын жұқтыратындар саны артып отыр. Өңірлік АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі орталықтың мәліметінше, қазір дертті жұқтырған 1400-ге жуық адам есепке алынған, деп хабарлайды Halyq Uni inform.kz-ке сілтеме жасап.
Орталықтың бөлімше меңгерушісі Қарлығаш Ақынованың айтуынша, адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясын (АИТВ) қазір жыл сайын жаңадан 100-ден астам адам жұқтырады екен. Бұрын жаңа шыққан кезде ауырғандардың 90%-ы ине арқылы есірткі тұтынатындар болса, қазір 50/50, яғни жыныстық қатынас арқылы жұқтыратындар да көбейген.
Қазір біздің бақылауымызда 10 бала бар. Олар ауруды аналарынан жұқтырған. Ескере кетер жайт, шамамен соңғы 5 жылдан бері бізде мұндай жайттар жаңадан тіркелген жоқ. Бізде АИТВ жұқтырған аналар жылда босанады, олар дер кезінде алдын алу емін алады. Нәтижесінде дені сау бала туады. Мұндай нәрестені біз 1,5 жыл бақылаймыз. Үш рет ПЦР-талдау жасап, ВИЧ-тің бар-жоғын анықтаймыз, кейін бала 1,5 жасқа келгенде иммуноферменттік талдау жүргізіп, ауырмайтынына көз жеткізіп барып, есептен аламыз. Мұндай балалар бізде көп, - дейді орталық маманы.
Өкінішке қарай, АИТВ жұқтырғандар өмір бойы емделуі қажет. Қазір осы инфекцияны жұқтырғандар қабылдайтын препараттардың барлығы ауруды басуға, вирустың көбеюіне жол бермеуге негізделген. Вирустан толық құтқаратын ем әлі табылған жоқ. Дәрі-дәрмек, емдеу – бәрі тегін.
Қазір сапалы ем бар – антиретровирустық терапия деп аталады. Бұл вирусты бақылауда ұстап, көбеюге мүмкіндік бермейді. Емді уақытында бастап, дәрігердің нұсқауларын бұлжытпай орындаған жағдайда қалыпты өмір сүре алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен біз қандағы анықталмайтын вирустық жүктемесі бар ВИЧ сырқаттарға қарсы жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені мұндай адам инфекция көзі бола алмайды, оның инфекцияны басқа адамға тарату мүмкіндігі жоқ. Ағзадағы вирустарды басу арқылы оны таралмайтындай етеміз. Дискордантты жұп деген бар, бұл – ерлі-зайыптының біреуінде ВИЧ оң, екіншісінде теріс нәтиже болады. Біздің мақсатымыз – оны емдеу арқылы қасындағы серіктесіне қауіпсіз ету. Тағы біреуі – «Байланысқа дейінгі профилактика» атты бағдарламамыз. Мұнда, керісінше, ауырмайтын адам алдын алудан өтеді. Бұл – үнемі қолданылса, АИТВ-инфекциясының таралуын болдырмаудың өте тиімді әдісі. Әдетте байланысқа дейінгі профилактикада жұқтырып алу қаупі жоғары адам таблетка түрінде белгілі бір препараттарды күнделікті қабылдауы қажет, - дейді Қарлығаш Ақынова.
Облыста 2019 жылдан бері АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға арналған Answer қоғамдық қордың филиалы жұмыс істейді. Бұл жерде тек психологиялық қана емес, әлеуметтік, заңға қатысты көмек береді. Құжат жасатуға да көмектеседі.
АИТВ-ға тексерілу үшін біздің орталыққа келуге болады, жаңашылдығымыз бар. Кез келген адам енді біздің орталыққа келіп, қан тапсыра алады. Кейін QR-код береміз, екінші күні сол арқылы онлайн нәтижені біле алады. Сондай-ақ мамандарымыз осы талдау бойынша сұрақтарға, қажет болған жағдайда, толық жауап береді. Мұның бәрі құпия жүргізіледі. Ал егер талдау оң нәтиже берсе, онда біздің орталыққа келіп, маманның кеңесін алу қажет. Сырқат диспансерлік есепке алынып, ем-дом жүргізіледі. АИТВ жыныс жолы және қан арқылы жұғады. Егер адам қауіп тобына жатса, онда жылына бірнеше рет тексерілгені жөн. Иммунитеттің бұзылуына байланысты ауруларда немесе пневмониямен жиі ауыратын болса, терісінде бөртпе пайда болса немесе себепсіз салмақ жоғалта бастаса, мұндай жағдайда да бірден барып тексерілген жөн, - дейді дәрігер.
Тұрғындар тексерілу үшін кез келген емханаға барып, тегін қан тапсыра алады. Зертхана СҚО АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі орталықта орналасқан. Барлық талдауға алынған қан осы жерге келеді.
АИТВ – ортақ мәселе. Дискриминациялау, стигма мәселесі бар. Бірақ біз қолдан келгенше мұнымен күресіп жатырмыз. Бұл АИТВ жұқтырған адамдар бізге қаралуға қорықпай, сапалы ем алуы үшін қажет. Мұндай дертті жұқтырған адам емделу арқылы алдымен өз денсаулығын жақсартады, сондай-ақ жақын адамдарын осы аурудан қорғайды, - дейді бөлім меңгерушісі Қарлығаш Ақынова.