Қаржылық сауат пәні қалай енгізілді?
Бүгін бұл пән 2 аптада бір рет өткізіледі
«Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева елімізде қаржылық сауат пәні қалай енгізілгенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда мектепте, университте қаржылық және цифрлық сауат негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу керегін айтты.
Ақмарал Бекмұрзаева бұл жұмыстар «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында пилоттық режимде іске асып жатқанын атап өтті.
Былтыр жобаны жүзеге асыра бастадық. Осылайша, халық арасында несие мен қарыз проблемасының қаншалықты ауқымды екенін көрдік. Ақшаны дұрыс тұтыну мәдениетін бала кезден қалыптастыру керегін түсіндік. Сондықтан мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында қаржылық сауат пәнін қосу қажет болды, - деді жоба жетекшісі.
Оның айтуынша, 2023 жылғы қазанда жол картасы әзірленіп, Оқу-ағарту министрлігімен және Жоғары білім және ғылым министрлігімен ынтымақтастық туралы меморандум бекітілген. Нәтижесінде биыл балалар мен студенттерге қаржылық сауат пәнінің білім беру базасын дайындаумен айналысатын жоба әдіскерлері іріктелген.
Ақмарал Бекмұрзаева әдістемелік топ мектептерде, колледждерде және ЖОО-дағы барлық білім базасын зерттеп, Қазақстанда қаржылық сауат дербес пән ретінде оқытылмайтынын анықтағанын айтты.
Біздің топ халықаралық тәжірибені зерттеп, Финляндия мен Эстонияға баруды ұйғарды. Өйткені Эстония 2022 жылы PISA нәтижесі бойынша қаржылық сауаттан 1-орынды иеленген. Финляндия мен Эстонияда қаржылық сауат барлық пәнге интеграцияланған, - деді ол.
Жоба жетекшісі бұл елде қаржылық сауатты оқыту балабақшадан басталатынын атап өтті.
Онда балалар дүкенге бару, ақша жұмсау, қайтарым, чек, тұтынушы құқығы секілді практикалық мысалдармен сабақты үйренеді. Бастауыш сыныпта балаларға әлеуметтік жауапкершілік туралы айтылады. Кездейсоқ аялдамаға, мемлекеттік мүлікке залал келтірсе не болатыны, ол үшін ата-анасы қанша айыппұл төлейтіні түсіндіріледі. Бұл вандализмнің салдарын түсінуге көмектеседі, - деді сарапшы.
Ақмарал Бекмұрзаева жоғары сыныптарда бизнес арқылы қаржы сауаты оқытылатынын жеткізді. 9-12 сынып оқушылары өз бизнесін ашады. Өнім өндіріп, маркетинг стратегиясын әзірлейді және капиталға үлес қосатын әрі дивидендтер алатын инвесторларды тартады.
Мұнда тегін гранттар жоқ. Балалар бизнестің жауапкершілігін түсінеді. Бұл оңай жолмен келген ақша емес, қайтарылатын инвестиция екенін түсінуге көмектеседі. Финдер бір кездері ЖОО-дағы қаржы сауаты пәнін алып тастағанын, салдарынан халық арасында несие алу көбейген. Осылайша, олар қаржы сауаты мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болуы қажет және балабақшадан басталуы керек деген қорытындыға келген, - деді жоба жетекшісі.
Сарапшы биыл елімізде 7,5 мыңға жуық мұғалім қаржы сауаты бойынша біліктілігін арттырғанын айтты.
Бұл жүйені бірден енгізбедік. Алдымен сынақ режимінде іске қостық. Сын-қатерлерді азайту және барлық мектепке, колледжге және ЖОО-ға енгізу үшін жұмыс істедік. Бұл – нормативтік құқықтық актілерге көптеген өзгеріс енгізуді талап ететін ауқымды жұмыс, - деді Ақмарал Бекмұрзаева.
Бүгінде қаржылық сауат курсы 2 аптада бір рет өткізілетін элективті курс саналады.
Балалардың қаржылық сауатын арттыру үшін сағаттарды қайта қарау керек. Көп нәрсе бейінді министрліктердің мәселелерді қаншалықты тез және тиімді шешетініне байланысты. Біз олардың жұмысына байланысты курсты енгіземіз, - деді жоба жетекшісі.