Жол жасауды анасы өтінді, - дейді Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің үйі алдындағы асфальттың неліктен және қалай салынғанын түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ол спортшының ауылына асфальт төсеу бойынша мемлекеттік сатып алу процесі белгілі бір себептермен кешіктіріліп жатқанын алға тартты. Сондықтан Елдос Сметовтің үйінің алдындағы жол демеушілер есебінен жасалған.
Жол салу оңай процесс емес. Биыл қаржылық салымдар болды. Менің ойымша, демеушінің қаражаты есебінен жол жасауда тұрған ештеңе жоқ. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу процесінің өзі объективті себептермен кешіктірілгендіктен, айыпты ештеңені көріп тұрған жоқпын. Ауылға жол құрылысын салу қарастырылған. Бірақ мемлекеттік сатып алу процесі кешіктіріліп жатыр. Спортшының ата-анасы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алғанын білесіздер. Анасы жол жасауды өтінді. Біз мемлекеттік сатып алу рәсімі жүріп жатқанын түсіндірдік, біраз күту керек екенін айттық.
Дегенмен кәсіпкерлеріміз келіп, демеушілік қаражат есебінен чемпионның аймағына жол салды. Менің ойымша, мұнда тұрған ештеңе жоқ», - деді Ербол Қарашөкеев.