×

Түркістан облысында тарихи жәдігерлер табылды

Ескерткіш таулы аймақта орналасқан

 Дәурен Ерболат 02.09.2024 | 18:27
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Түркістан облысында археологтар қаңлы мәдениетіне тиесілі құнды жәдігерлерді тапты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Созақ ауданы Қызылкөл ауылы маңында орталық музейдің мамандары археологиялық ескерткішті зерттеді.  Зерттеу Қызылкөл тарихи-мәдени нысандағы ғибадатхана және екі қорғанда жүргізілді.

Нәтижесінде қаңлы мәдениетіне тиесілі б.з.д. ІІ ғасырға жататын бірегей артефакті табылды. Қазба жұмысы барысында ірі қара және ұсақ малдың сүйектері мен мүйіздері, тас дәнүккіш, келі, диірмен тағы басқа еңбек құралдарының бөліктері, қыш ыдыс тұтқалары, киімге арналған түйме фрагменттері алынды. Ғибадатхананың батыс бөлігінде ашылған бөлменің ішінде 60 см тереңдікте ғұрыптық бұйым (курильница) ыдысының кішкене бөлігі сақталған цилиндр пішінді, табаны жайпақ тұғыр табылды, - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ ескерткіштің биік таулар мен көлдерге жақын орналасуы, ғибадатхананың ерекше құрылымы мен табылған жәдігерлердің түрлері құрылыстың ғұрыптық ғибадатхана ретінде пайдаланылғанын көрсетеді, ал тас құралдар егіншіліктің дамығанын көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама