×

Діни киімдерді киюге тыйым салынуы мүмкін. Депутаттар не дейді?

Биыл күзде заң жобасы Мәжіліс қарауына шығарылады

 Дәурен Ерболат 02.09.2024 | 14:22
Фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаттары қоғамдық орындарда діни киімдерді (никаб) киюге тыйым салуды көздейтін заң жобасына пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Депутат Ермұрат Бапи күзде заң жобасы Парламентке түсетінін атап өтті.

Негізі заң жобасы дайын. Құжат мемлекеттік органдарға келісімге жіберілді. Себебі, кейбір заңның баптары мен позициясы бір-біріне және басқа заңдарға қайшы келмеуі керек. Сондықтан, заң жобасын мемлекеттік органдар қарап жатыр. Біз осы заңға бастамашылық етеміз. Бұл заңды қазақтың мүддесі тұрғысынан қабылдауға мүдделіміз, – деді ол.

Депутат Айдос Сарым заң жобасын ой сүзгісінен өткізу керек деген ұстанымда.

Құжатқа Үкімет қорытынды берген соң Парламент оны қарайды. Мәжілістің жанында қоғамдық палата бар. Заңды осы жерде талқылап ой сүзгісінен өткізу керек деп санаймын. Бізге қара киім қауіпті (никаб) емес. Бізге өзіміздің діни, мәдени, дәстүрден туындаған құндылықтар қажет. Мәселе киімнің түсі мен түрінде емес. Алайда мәселе (қара киімнің) артында тұрған идея мен наным-сенім қауіпті, - деді депутат.

Сондай-ақ депутат Нартай Сәрсенғалиев аталған құжат еліміздегі діни алауыздық мәселесін шешуге мүмкіндік береді деген ұстанымда.

«Елімізде діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заң бар. Оның ішіне тиісті нормаларды енгізетін болсақ, бұл Қазақстандағы діни алауыздықты тоқтатуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Тек көзді көрсететін киім бұл қазақтың дәстүрлі киімі емес екенін бірден айтқым келеді. Сондай-ақ, әр киімнің артында түрлі діни ағым болуы мүмкін. Діни радикализм, діни экстремизм тұрғысынан шешімді заңға сүйене отырып қабылдауымыз керек, – деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама