Қаскелеңде зағиптар серуендейтін аллеяның орнына монша салынып жатыр
Тұрғындар прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне шағымданбақ
Алматы облысы Қаскелең қаласының халқы үйлерінің іргесіне қоғамдық монша тұрғызылуына қарсы. Өйткені ол жердегі көпқабатты 5 үй кезінде «Қазақ зағиптар бірлестігінің» өкілдеріне берілген. Ал ондағы «Ана мен бала» аллеясы сол зағип жандар серуендейтін жалғыз орын болған. Олар қаланың экс-әкімінің шопыры жерді заңсыз сатып алған деседі.
Алайда құжаттарының заңды екенін айтқан шопыр саябақтың ағаштарын отап, моншаның құрылысын бастап кеткен. Қала тұрғындарының айтуынша, моншаның үстіне дәмхана да салынбақ екен. Сол үшін қожайын автотұрақты да сатып алған. «Сонда біз көлікті қайда қоямыз?» дейді Айгүл Құрманқұл есімді тұрғын.
Қазір ешкім заңсыз ештеңе істей алмайды. Барлығы заңды жасайды ғой. Архитектурадан келісім алдық. ГАСК рұқсатын алдық. Басқа не керек? Иә, осыдан 15 жыл бұрын жерді әкімдіктен сатып алдық. Жүргізуші болғанмын, - дейді жер иесі Ержан Бакеев.
Алайда наразы топтың шағымын тыңдауға келген ауданның сәулет және құрылыс бөліміндегілер салынып жатқан нысанның құрылыс нормаларын сақтамағанын жеткізді.
Құрылыс нормаларына сәйкес келмей, заңбұзушылық байқалғаннан кейін, біз құзырлы органдарға хат жолдадық. Қазір жауабын күтіп отырмыз. Қызыл сызық бар. Тротуарға жақын салып жатыр. Егер заңбұзушылық жойылмаса, сотқа беру керек, - деді бөлім басшысы Бағдәулет Сағындықов.
Олар алдағы уақытта тағы да тексеріс жүргізбек. Дегенмен жергілікті шенеуніктердің сөзіне сенуден қалған тұрғындар прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне шағым түсіргелі жатыр.