Астаналықтарды 60 млн теңгеге сан соқтырған алаяқ ұсталды
Күдікті жасаған қылмысын мойындады
Елордада тұрғындарға 60 млн теңге шығын келтірген алаяқ қолға түсті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 28 жастағы кәсіпкер арзан турларға уәде беріп, ақшаны алғаннан кейін міндеттемесін орындамаған. Зардап шеккендердің бірі, елорда тұрғыны әлеуметтік желіде жеңілдікпен жолдама туралы жарнамаға сеніп, ақшасынан айырылғаны жөнінде полицияға арызданған. Жәбірленуші күдіктіге миллион теңгеден астам ақша аударған. Алайда жәбірленушінің отбасы демалысқа шыға алмаған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында шетелге соңғы турларды ұсынып, қала тұрғындарының ақшасын алаяқтық жолмен иемденген жас қыз анықталып, ұсталды. Жәбірленушілер оны үстінен ұжымдық арыз бергеніне қарамастан, күдікті өзінің турларын жарнамалап, азаматтарды алдауды жалғастырған, – делінген полиция хабарламасында.
Келтірілген шығын көлемі – шамамен 60 миллион теңге. Күдікті жасаған қылмысын мойындады.
Аталған қылмыс фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.
Полиция департаменті азаматтарды мұқият болып, алаяқтардың айласына берілмеуге, таныстардан немесе бейтаныстардан түскен ақпаратты мұқият тексеруге шақырады.