ШҚО шахтасындағы апат: қаза тапқан 5 жұмысшының отбасына қандай көмек көрсетіледі
Облыста екі күнде 5 адам қаза тапты
Шығыс Қазақстан облысы әкімі Ермек Көшербаев өңірдегі екі шахтада 5 адамның қаза тапқанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ол жағдайдың себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын атап өтті.
Апаттан 5 адам қаза тапты. Мен 3 адамның үйіне кіріп шықтым. Екеуі қалада, біреуі ауылда тұрады. Қайғылы жағдай. Әрбір отбасының жағдайы әртүрлі. Кейбірінің жағдай жақсы, кейбірінің жағдайы төмендеу, - деді Ермек Көшербаев.
Облыс әкімі көз жұмған жұмысшылардың отбасына тиісті көмек берілетінін жеткізді.
Көз жұмған жұмысшылардың балаларын мектепке орналастырамыз. «Бір азаматтың жұбайы жұмысқа тұрғызыңыз» деп өтініш айтты. Жақсы жұмысқа тұрғызамыз. Әйтеуір тастамаймыз, - дейді облыс әкімі.
Айта кетейік, 31 тамызда сағат 17.30-да Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданы Ертіс шахтасындағы апаттан 4 жұмысшы қаза тапты. Марқұмның екеуі – шахта жұмысшысы, тағы екеуі – мердігер ұйым қызметкері.
Сонымен қатар 1 қыркүйекке қараған түні Артемьев шахтасында тас құлауы салдарынан тағы бір жұмысшы көз жұмды.