Димаш Бибігүл Төлегенова атындағы креативті мектептің ашылуына қатысты

Халық үні

Балалар креативті факультеттерде өздерінің шығармашылық қабілетін дамыта алады

фото: Halyq Uni

Астана қаласында Қазақ вокал өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Халық әртісі Бибігүл Ахметқызы Төлегенова атындағы алғашқы жеке креативті мектептің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Halyq Uni dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.

Мектептің ашылу салтанатына Халық әртісі және опера әншісі Бибігүл Төлегенова, мектептің бас құрылтайшысы және Forbes Kazakhstan баспагері Арманжан Байтасов, сондай-ақ Халық әртісі Димаш Құдайберген қатысты.

Бибігүл Төлегенова атындағы шығармашылық мектебі (BTCS) – инновациялық білім беру тұжырымдамасын ұсынатын заманауи білім беру орталығы. Онда балалар негізгі білім алатын пәндермен қатар, креативті факультеттерде өздерінің шығармашылық қабілетін дамыта алады.

Әртүрлі музыкалық жанрды, музыка теориясы мен орындаушылық өнерді зерттеу Music факультеті аясында өтеді.

Digital факультеті бағдарламалауды, веб-әзірлеуді, жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік саласындағы әртүрлі озық технологияларды үйретеді.

Бейнелеу өнері, графикалық және архитектуралық дизайн арқылы балалардың шығармашылық ойлауын дамытуға арналған арнайы Аrt факультеті сыныбы бар.

STEM факультеті физика, химия, биология, инженерия және робототехника бағдарламаларын қамтиды.

Димаш Құдайберген мен Арманжан Байтасов болашақ оқушыларды Білім күнімен құттықтап, жаңа ұрпақтың жаңа Қазақстанның дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.